Министр солтүстік Каспийдегі Қашаған кен орнын әзірлеу күрделі мәселелерге: солтүстік Каспийдегі ауа райының жағдайы, мұнайлы қабаттардың тереңдік ерекшелігі және көмірсутекті шикізаттың химиялық құрамы сияқты бірқатар қиындықтарға байланысты екенін атап өтті.
«Өткен жылы кен орнын іске қосқанда… ұңғымалардың бәрі қалыпты жұмыс істеуде, жағалаудағы және жасанды аралдағы күрделі жабдық та ырғақты жұмыс істеп тұр. Алайда қарапайым цилиндрлік дене — құбырға келгенде жұмысымыз бәсеңсіп қалды», — деп атап өтті ол.
«Енді сол құбырларды ауыстыру қажет. Өйткені құбырлардың жарылған жерлері бар, мұндай қауіпті кен орнында ешкім де жұмыс істегісі келмейді. Құбырларға тапсырыс беруге, оларды әкеліп құбырөткізгішті дәнекерлеуге белгілі бір уақыт қажет. Қашаған табиғатты қорғау аймағында орналасқаны да елеулі қиындықтар тудыруда… міне, жалпы жағдай осы», деп хабарлады министр.
«Осылайша, 2015 жылдың аяғына дейін кен орнын ашуға мүмкіндік бола қоймас деп болжап отырмыз» — деді Ұ. Қарабалин.
Министр кен орнын іске қосу мәселесі Қазақстанның экономикасына да әсері бар екенін айтты. «Елеулі әсер етеді. Өйткені биылғы жылы біз сегіз млн. тонна қосымша мұнай өндіруді есептеген болатынбыз. Тек осы жағдайға байланысты күткен нәтижеге жетпей қалдық, — деді ол. — Ендігіде кен орнының келесі іске қосылуында сенімді, ұзақмерзімді болуына күш салуымыз қажет».
«Мердігерлермен белгілі бір даулар туындап жатқаны рас… бірақ бұл өзіміз шешетін ішкі мәселелер», — деді министр.
Еске сала кетейік, 21-ші Дүниежүзілік мұнай конгресі әлемдік мұнай-газ индустриясында ірі оқиға болып табылады. Бүгінде жиынға әлемнің 80 елінен 5000-ға дейін делегаттар қатысуда. Қазақстан тарапынан ҚР Мұнай және газ министрлігінің басшылығымен KAZENERGY қауымдастығына мүше мұнай компаниялары болды. Конгресте қазақстандық делегация құрамында барлық сала ұсынылды, олар: геология, өндіру, қайта өңдеу, тасымалдау, инжинирингтік бағыт.
Қазақстан тарапы бастамашылық еткен министрлік кездесуіне конгреске қатысушы елдердің тиісті ведомство басшылары, халықаралық корпорациялардың өкілдері мен мұнай-газ компанияларының мамандары қатысты.