Жарияланды: 1800

Қатерлі ісікке қарсы қолданылатын дәрі шығару жөніндегі Қарағандыдағы фармацевтикалық зауытты салу жұмыстары қаржыландырудың жоқтығынан тежелуде

Қатерлі ісікке қарсы қолданылатын ампула түріндегі Арглабин дәрісі мен басқа да фитодәрілер шығару жөніндегі Қарағандыдағы фармацевтикалық зауытты салу жұмыстары қаржыландырудың жоқтығынан күні бүгінге дейін қолға алынбай отыр. Бұл туралы Фитохимия институтының директоры, профессор Серғазы Әдекенов баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Қатерлі ісікке қарсы қолданылатын отандық тұңғыш дәрі - Арглабинді шығаратын дүниежүзінде теңдесі жоқ фармацевтикалық зауыт салу туралы шешім осыдан екі жыл бұрын қабылданған. Жоба құны 10 млн. долларды, оның бірінші кезегінің құны 5,2 млн. долларды құрайды. Жобаны қаржыландыру міндеті бастапқыда Қазақстан даму банкіне жүктелген болатын. Алайда несиелік желі сол күйінде ашылмай қалды. С.Әдекеновтың айтуынша, өткен дүйсенбіде жобаны қаржыландыру міндетін Инвестициялық қорға жүктеу туралы үкіметтік деңгейде шешім қабылданды. Осыған байланысты қаржыландыру мәселесі енді шешілер дегенге С.Әдекенов сенім білдірді. Оның айтуынша, әзірге институт зауыт құрылысын өз күшімен салып жатыр. "Соңғы бес жылда тәжірибелік цехтың пилоттық жабдықтарында 100 млн. теңгенің дәрілік өнімдері шығарылды. Соның арқасында біз құрылыс жұмыстарын өз күшімізбен жүзеге асырып жатырмыз. Жыл соңына дейін оның бірінші кезегі пайдалануға беріледі деген үміт бар. Бұдан әрі уақытты созуға болмайды",- деді профессор. Мамандардың ақпаратына сәйкес, елімізде 108 мың адам қатерлі ісік дертіне шалдыққан. Жыл сайын мұндай айықпас індетке душар болғандар саны 28 мың адамға арта түсуде. Жаңа дәрі бұл ахуалға айтарлықтай өзгеріс енгізе алады. Қазіргі жағдаймен институт пилоттық жабдықтарды толық қуатымен іске қосқанның өзінде жылына небәрі 145 мың ампула өндіруге шамасы жетеді. Ал фармацевтикалық зауыттың жобалық құны жылына 2 млн. ампула және 150 млн. таблетканы құрайды деп күтілуде.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть