Жарияланды: 4400

Қазақ арасында күрестен жалғыз Олимпиада чемпионы болуым менің мықтылығымнан емес, қазіргілер босбелбеу - Жақсылық Үшкемпіров

Қазақ арасында күрестен жалғыз Олимпиада чемпионы болуым менің мықтылығымнан емес, қазіргілер босбелбеу - Жақсылық Үшкемпіров

Әйгілі қазақ спортшысы қазір қоғам ісіне де, кәсіпкерлікке де белсене араласып жүр.

Әлем тарихында күрестен Олимпиада чемпионы атанған жалғыз қазақ ұлы Жақсылық Үшкемпіров Caravan.kz медиа-порталына өзінің жылқы шаруашылығы мен қоғамдық істері жайлы эксклюзивті сұхбат берді.

- Жақсылық аға, Сіз қазір үлкен жылқы шаруашылығымен айналысуға бел буған екенсіз.

- Иә, 2006 жылдан бері айналыса бастадым. Есімде, Алматы облысының Мыңбаев ауданында алғаш рет осы шаруашылықты қолға алдым. Ол кезде облыс әкімі Серік Үмбетов болған. Ол да бір халықтың біртуар азаматы. Еліміздің мал шаруашылығын жақсы біледі. Сонда Серікпен ақылдасып, ақырында бірге Елбасыға ұсыныс айттық. Содан бері жұмысымыз жүріп жатыр.

Маған биыл Қытайдан сұраныс келді. Менің Үшқоңыр ауылындағы шаруа қожылығымда 3000-дай бұқа бар. Соларды сатуымды сұрапты. Ал мен оларға не деп жауап бере аламын?

«Айналайын, өз халқыма таза ет жетпей жатқанда, мен қандай да ақша үшін болсын сата алмаймын», - деймін оларға.

Менің істеп жатқаным – мақтаныш емес, менен де зор нәрсе істеп жатқан адамдар бар. Менің мақсатым – жастарға үлгі болу. Қанша спортшы болып, чемпион болсам да, ең бастысы туған жерімізді аялай білуіміз керек. Ұрпаққа өнеге болуға тиіспіз. Егер ертең жастар «біз де Жақсылық ағамыз секілді ауылды көтеруіміз керек, елімізді дамытамыз» деп талпынып жатса, арманым жоқ.

Әрине, бұның бәрі оңай емес. Өзіміз істемесек, сырттан келіп ешкім бізді жарылқамайды.

- Аға, спорттық жетістіктеріңіз туралы күллі әлем біледі. Одан бөлек, Сіздің су астында 5 мин ауасыз өткізе алатыныңыз туралы аңыздар жүр. Сол туралы айтып бере аласыз ба?

- Иә. Бірақ 5 минут емес, менің рекордым - 3 минут 58 секунд. Алдыңғы жылы Ташкентте әлем чемпионаты өтті. Соған мен де спортшыларды қолдап барғанмын. Барсақ, қонақ үйдің астында 50 метрлік бассейн бар екен. Жігіттер сол рекордымды еске түсіріп, соны қайталау туралы сұрай бастады. Ол жігіттер жай жігіттер емес, кілең біздің олимпиада жүлдегерлері - Нұрбақыт Теңізбаев, Бахтияр Байсейітов, Әсет Иманбаев секілділер.

Маған: «Аға, Сіздің су астындағы рекордыңызды күллі әлем біледі. Жарысып көрейікші», - деді. "Жарайды", дедім.

Бірінші болып, олар суға кетті. Біз олардың қанша метр өткелі шығатынын бақылап отырмыз. Бір кезде біріншісі 10 метрден кейін, енді біреуі 15, келесісі 20 метрге дейін барды.

Ал енді бір кезде мен сүңгідім. 50 метрге дейін барып қана қоймай, қайтадан сүңгіген жеріме дейін қайтып бір-ақ шықтым. Жұрт таң қалды. Осындай жасымда жігіттерге фора беріп қоямын.

Сонда жігіттерге былай дедім: «Бұл мықтылық емес, сендердің чемпион болмағандарың – шыдамсыздықтарыңнан. Менің қазақтан жалғыз Олимпиада чемпионы болып қалуым осыдан шығар», дедім.

1980 жылы Олимпиадаға барғанда біз су астында КВН ойнайтынбыз. Боксерлермен қатарласып ойнайтынбыз. Серік Қонақбаев ағаларың бар, Резанцев деген атақты еліміздің палуаны. Әзілдесіп, концерт беретінбіз ауасыз жағдайда. Қазір қызық әрі ойға сыймайтындай естілуі мүмкін. Бірақ, солай болған.

- Бұдан бөлек Әлем Чемпионатындағы Сіздің бір ай бойы термостағы тауық етімен тамақтанғаныңызды да халық аңыз қылып айтып жүр.

- Ол да бар. Бұл әлем чемпионаты Норвегияда 1981 жылы өтті. Олимпиададан кейін салмақ қудым: 8-9 кг. Сөйтіп, додаға өзіммен бірге термосты алып қана қоймай, тауық еті мен айранды алдым. Басқа спортшылар, шетелге барып джинсы, сағызды ойласа, мен үшін дұрыс тамақтану – басты нәрсе болатын.

Орыстар самаурын алып, шетелдіктермен түрлі дефицит нәрселерге ауыстыратын. Мен болсам, ешқандай скандинавиялық мейрамханаларға бармай, тауық пісіріп, жартылай жылқы етін қосып, екеуін 3 литрлік термосқа салып, чемпионатқа аттандым. Сонымен тамақтанып, әлем чемпионы атандым. Сондай қиыншылықтан өттік, 30-дан асқанда әлем және Олимпиада чемпионы атандым. Ал енді қазір сонша уақыт өткелі соның жемісін көрудемін деп айта аламын. Еліміздің қай өңіріне бармасам да, халық алақанына салады.Бұл менің басыма қонған бақ деп ойлаймын.

- Сіздің ойыңызша, неліктен қазіргі палуан жастар Олимпиада чемпионы бола алмайды? Сіздің кезінізде дайындық өзгеше болды ма?

- Ол кезде қазірдегідей спорт кешендері жоқ. Ыстық су жоқ. Өзенде ағып жатқан суық суға шайынып, жуынып, ары қарай дайындалатынбыз. Қиын кез болатын. Бірақ, мен кішкентайымнан спортты жақсы көрдім. Менің күресімнің стилі – ауыл күресі. Орысшалап айтқанда, мені самородок дейтін. Бірегей десек болатын шығар.

Мысалға, Быков, Рязанцев, Назаренко секілді біртуар чемпиондар классикалық күрес әдісімен жеңді. Ал менің күресім өзгеше. Сондықтан болар, әр жекпе-жегім қиын өтетін. Алдында айтып өткенімдей, шыдамдылық пен төзімділіктің арқасында жеңдім. Шаршатып, ұзаққа жалғасатын кездесуді соңында барып қарсыласымды жығатынмын.

Қазір айтады: «Жәке, осы сен от болып күресетінсің. Аяғына дейін күш-қуатынды сақтап қана қоймай, үлкен жылдамдықпен жеңетінсің. Ал қазір неге жастар олай күресе алмайды? Қазір спорт кешендері де жақсы, жағдайлары сенің кезіңдегінен мың есе жақсы. Неге солай?», деп таңданады.

Мүмкін, жастардың ойы басқаша шығар. Қазір менің байқап жүргенім, көптеген спортшылар былай ойлайды екен: осы жолы жеңіле берейін, келесі жолы ұтамын ғой. Ал біздің кезімізде, ондай ойлау қайдан? Кеңес Одағы деңгейінде 3-орын алсаң ,біттің. Үлкен спортпен қош айтыса беруіңе болады.

Әлем чемпионатына ,Олимпиадаға бару үшін тек бірінші, немесе екінші орын алуың тиіс. Өйткені, үміткерлер толып жатыр. Артында грузиндер, әзірбайжандықтар, украиндықтар. Кілең, мықтылар.

Қазір, өзімізбен өзіміз болып қалғаннан ба, босаңсып кеткен секілді жігіттеріміз.

Олимпиадаға барғанда 30 жаста болатынмын. Бірінші кездесуім, румындық ешкімге жеңілмеген Александру есімді үш дүркін әлем чемпионымен болды. Ойландым, енді Олимпиадаға келгелі бірінші жекпе-жегімде ұтылып қалсам, қалай ұят болады. Бірақ, менің атымды стадионда атаған кезде күллі мәскеулік жанкүйерлер айғайлап, қолдап кетті. Сол да маған күш-қуат беріп, ерекше толғаныспен күресті бастадым.

- Аргентина, Бразилия жақтан ет алып, өз етімізді неге шетелге шығарамыз деген ойлар қоғамда өрістеуде.

- Бұл енді саудагерлердің амалы. Шетелден арзанға ет алады, оның бәрі кілең мұз, кім білер, мал өліп қалған да шығар. Біріншіден, өте арық, майы жоқ. Оның қаншалықты таза екенін білмейміз. Біздің етіміздің дәмі де бөлек. Сондықтан, әрине, өзіміздің етіміз дастарханымызда тұрса, игі үстіне игі болар еді. Бірақ, менің ғана ойым шешуші емес қой бұл сұрақта. Сондықтан, мен шетелден арзан етті алуды қолдамаймын.

Қазір одан бөлек, етімізді Қытайға шығарамыз. Мен оларға мал санын көбейту туралы айтып жүрмін.

Жеріміз кең,. 5 мың мал басынан 20 мыңға жеткізсе, керемет болар еді. Ұлғайтып, сосын жартысын сендерге сатайын деймін қытайлықтарға. Ал енді аргентиналық ет туралы айтатын болсам, қалай дегенмен де, шетелмен қарым-қатынас болуы керек. Алайда, айтып өткенімдей, мал санын көбейту керек.

Қазір Алматы облысында, ары кетсе, 4-5 азаматта ғана 5-10 мыңнан тұратын үлкен мал басы бар. Ал қалғандарында ше? Әр үйдегі 5 сиыр, 2-3 жылқы, не болады ол? Баяғыда біз 50 млн-ға дейін мал басын жеткіземіз деген әңгімелер болған. Жер жетеді, мүмкіндік көп. Алып, істеу керек.

Мақала авторы: Сырым Иткулов

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть