Деректі туынды 2015 жылдың қаңтарынан бастап түсіріле бастамақ. 20 бөлімнен тұратын фильмге әзірлік басталып кеткен. Мұнымен қоса, «Керей мен Жәнібек» «Мәңгілік ел» тақырыбындағы екі спектакльдің сценарийі дереу жазылып жатыр екен. Керей мен Жәнібек хан негізін қалаған қазақ хандығының мерейтойын тойлау мұнымен шектелмейді. Елімізде жүзге тарта түрлі мәдени шара өткізіліп, халықаралық экспедиция мен тарихи тақырыпта конференциялар ұйымдастырылады. Мәдениет министрі ұлан асыр тойға қаржы республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінетінін айтты. Аста-төк көп шығын болмайды дегенімен жұмсалатын ақшаның көлемін ашып айтқан жоқ. Бастысы дүбірлі шараның тағылымды өтуіне күш салатынына сендірді.
Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
-Ең негізгі шара өтетін жер қазақ хандығының бірінші құрылған жері — Шу, Талас өзендерінің ортасындағы алқапта 2015 жылдың қыркүйек айында Елбасының қатысуымен үлкен шара өтеді. Әрине, 550 жылдықты кең ауқымда өткізу өте маңызды. Неге десеңіз Қазақстан егемендік алғалы бері, қазақ хандығына арналған бұл алғашқы шара.