Жарияланған тізімде Ішкі істер министрлігінің 3 шипажайы, Денсаулық сақтау министрлігінің 4 институты және «Қаржы академиясы» бар. Одан өзге ұлттық киностудия да сатылымға шығарылмақ. «Қазақфильмнің» 49 пайызы кәсіпкерлерге өтсе, «Қазақ энциклопедиясын» тұтастай сатып жіберу көзделіп отыр. Сондай-ақ, Республика сарайы, Цирк ғимараты, «Жас отау» неке сарайы мен «Қайрат» футбол клубының жаңа қожайындары тендер арқылы анықталмақ. Бұлардың бәрі – Алматыдағы нысандар. Ал еліміздің өзге аймақтарында жекешелендіру жобасына спорт, білім беру және коммуналдық кәсіпорындар енген.
Қанат Ыбраев, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің департамент директоры:
—Әлемдік тәжірибе бойынша жеке меншіктегі нысандар әлдеқайда жақсы дамитындығы байқалады. Сондықтан еліміздегі маңызды орындарды басқаруда кәсіпкерлердің үлесін көбейту арқылы алға жылжуды көздеп отырмыз. Бұл жобаның барлық ережелері бекітілген, сондықтан ниет білдіргендерге қатаң талап қойылмақ.