Жарияланды: 50

Қазақстан әлемдік жемқорлық индексінде 31 ұпай жинаған

Қазақстан әлемдік жемқорлық индексінде 31 ұпай жинаған

 

Ел астанасында «Қазақстанның тұрақты дамуының жаңа деңгейі: Сабақтастық, дәстүр және қазіргі заман» атты сарапшылық кеңестің жиыны өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әр саланың сарапшыларын жинаған кеңесте сыбайлас жемқорлық мәселесі де көтерілді. ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін зерделеу жөніндегі зерттеу орталығының сарапшысы Айбек Қабылдиннің айтуынша, Қазақстан әлемдік жемқорлық индексінде 100 ұпайдан 31 ұпай жинаған. «Жемқорлық индексін таразылап отырған әлемдегі ең беделді институт болып саналатын Transparency International ұйымы 2019 жылдың алғашқы жартысында Қазақстандағы жемқорлық индексін 31 ұпаймен бағалады. Бұл көрсеткіш бойынша ТМД елдерінің арасында алғашқы орындардың бірінде тұрмыз деп айтуға болады. Ресей мен Әзербайжан сияқты көршілеріміз бізден төмен тұр. Бұл жерде аталмыш ұйым жемқорлық индексін 0-100 ұпай арасында өлшейді. Жемқорлық жоқ деп саналатын Швеция, Дания сияқты елдердің өзі 90 ұпай алған», - дейді сарапшы. Сарапшы жемқорлықпен күрес шараларына деген ел сенімінің азайып кеткенін де атады. «Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен жаппай күрес жүргізудің маңызын атап өтті. Бұл өте маңызды шара. Қазір ел арасында жемқорлықты жеңу мүмкін емес деген түсінік қалыптасқан. Ал шындығына келгенде оны жеңуге болады. Халықты осыған сендіре алуымыз керек.», - деді ол.


 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін