Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосының басшысы өз баяндамасында халықаралық қауіпсіздік жүйесіндегі БҰҰ ролі туралы өз көзқарасымен бөлісе отырып, дүниежүзілік қоғамдастықтың ұлт және конфессияаралық қайшылықтар, халықаралық лаңкестік, ұйымдасқан қылмыс, табиғи және гуманитарлық зілзалалар тәрізді ғаламдық қатерлерге қарсы тұру мәселесін кешенді шешу жолдары туралы пікір білдірді.
Қазақстанның бас дипломаты халықаралық көкейкесті істерді үйлестірушілік миссиясын одан әрі жалғастыра беру үшін БҰҰ мен оның басты органдарын жаңалау қажеттігіне баса назар аударды. БҰҰ жүйесін нығайту және бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатысты өзекті мәселелерді қарау үшін Жоғары дәрежелі топ құру туралы БҰҰ Бас хатшысының ұсынысына Қазақстан тарапынан қолдау білдірілді.
БҰҰ мен аймақтық ұйымдардың іс-қызметін үйлестіру үрдісін жақсарту мақсатымен БҰҰ бас хатшысының жанынан аймақтық ұйымдардың Кеңесін құру туралы ұсыныс жасалды.