"Сәйкесті құжаттар, нормативті-құқықтық актілер дайын. Кеше банктермен тағы бір кездестік, олар дайын екендіктерін айтты. Біз дайынбыз, келесі аптадан бастап заңдастыру кезеңі басталады", деді жұмада Алматыда Ұлттық банк төрағасының орынбасары Қуат Қожахметов.
Ол нақтылап өткендей, қажетті ақпарат Ұлттық банктің, екінші деңгейдегі банктердің және брокерлік компаниялардың сайтында берілмек.
Журналистердің сауалдарына жауап бере отырып, Қ.Қожахметов алдында мемлекеттік органдардың басшылары айтқан болжамдарды растады, яғни капиталды амнистиялау барысында 10 млрд доллар сомасындағы мүлік заңдастырылуы ықтимал.
Капиталды амнистиялау туралы қабылданған заңға орай акция мерзімі 2014 жылдың 1-қыркүйегі мен 2015 жылдың 31-желтоқсаны.
Заңдастыру нысандарына ақша, бағалы қағаздар, заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы үлес, жылжымайтын мүлік жатады.
Жекелеген қылмыстар нәтижесінде алынған мүлік заңдастырылуға жатпайды.
Заңдастыру елдің экономикалық айналымына қосымша қаржыны тарту мақсатында жүргізілуде.
Соңғы рет ондай акция Қазақстанда 2006 жылдың жазы мен 2007 жылдың сәуірі аралығында өткізілген.