Жарияланды: 430

Қазақстан мен Чехия сауда-экономикалық салада жаңа келісімге қол қоюды көздеп отыр

Бүгін, 15-сәуірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Чехия Республикасының президенті Вацлав Клауспен кездесті. Ол Қытайға ұшып бара жатып жолай бір жарым сағат Астанада аялдаған болатын. Бұл туралы KZ-today тілшісіне ҚР президенті әкімшілігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Кездесу барысында президенттер халықаралық қарым-қатынас төңірегінде кең көлемді мәселелер топтамасын талқылап, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстар туралы пікір алмасты. Н.Назарбаев Чехияның Еуропалық Одаққа мүшелікке өту барысы туралы сұрап білді. Бұл процесс сауда саласындағы біртұтас Еуропалық саясат принциптерінің аталмыш республика аумағында автоматты түрде күшіне енуіне алып келмек. Соның салдарынан елімізден импортталатын кейбір тауар түрлеріне шектеу қойылмақшы. Осындай өзгерістерді ескеру негізінде қазір екі ел арасында сауда-экономикалық салада жаңа келісімге қол қою жоспарланған. Қазақстанға тұңғыш рет ат басын тіреген В.Клаус Астананың сол жағалаудағы бөлігімен танысу туралы Н.Назарбаевтың шақыруын ризашылықпен қабыл алды. Астанада аялдаған аз уақытта В.Клаус өзімен бірге жүрген Чехия өкілдерімен және зайыбымен бірге "Бәйтерек" кешенінде болып, Елордасында бой көтере бастаған жаңа нысандардың құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. 2003-жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 67,3 млн. долларды құраған. Өткен 10 жылда Чехия Қазақстан экономикасына 54 млн. доллар көлемінде жалпы инвестиция салды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін