«Жаңартылған келісім аясында Қазақстан мен Қырғызстанның қаржылық бақылауының жоғарғы органдары мемлекеттік қаржылық бақылауды іске асырумен байланысты ұлттық заңнама актілерімен, кәсіби ақпаратпен және әдістемемен алмасады. Кеден процедурасының тиімділігін бағалу жөніндегі бірлескен тексеріс ұйымдастыру жоспарланып отыр», — деп хабарлады баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, тараптар қаржылық заң бұзушылықтарды жіктеу, сандық есеп түрлерін рәсімдеу мен жылдық есептерді құрастыру мәселелері бойынша ынтымақтасуды көздеп отыр. Есеп комитеті мен Есеп палатасы кадрларды кәсіби оқыту және біліктілігін арттыру саласанда да өзара іс-қимыл жасайтын болады.
Құжатқа Бішкек қаласында 2008 жылдың шілде айында өтетін ЭКОСАИ басқармасының кезекті отырысы аясында қол қойылады деп күтілуде.
ЭКОСАИ — экономикалық ынтымақтастық елдерінің жоғарғы қаржылық бақылау органдарының ұйымы. Оған Ауғанстан, Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түркіменстан, Түркия, Өзбекстан елдері мүше. 2007 жылдың қазанында ҚР Есеп комитетінің төрағасы О. Өксікбаев ЭКОСАИ басқармасының президенті болып сайланған.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті