Жарияланды: 270

Қазақстан мен Қытай автокөлікпен тасымалдау үшін қосымша 5000 рұқсаттама бланкісімен алмасты

Қытай тарапымен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде екі ел арасында автокөлікпен жүк тасымалдауға рұқсат беретін қосымша 5000 рұқсаттама бөлу туралы шешімге қол жеткізілді. Бұл жайында ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің мәліметтерінде хабарланған.

Көліктік бақылау комитетінің төрағасы Бақыт Әбішевтің мәліметінше, «рұқсаттама бланкілері осы аптаның соңына дейін өңірлік көлік инспекцияларына жіберіледі. Дүйсенбіден (19 қарашадан) бастап жүк тасымалдаушылар аталған рұқсат бланкілерін ала алады». Бөлінген рұқсат бланкілерінің саны туралы ақпарат министрліктің сайтында, «Көліктік бақылау комитеті» - «Рұқсат құжаттарын беру» бөлімінде жарияланады. Айтып өту керек, бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы автомобиль тасымалы үш түрлі рұқсаттама бойынша іске асырылуда: «А» түрі - жолаушылар мен жүктерді бір жыл бойы тұрақты түрде тасымалдау, «В» түрі - жолаушылар мен жүктерді тұрақсыз бір реттік тасымалдау, «С» түрі - жүктерді бір реттік тасымалдау. Жыл сайын Қазақстан мен Қытай арасында «А» түрі бойынша - 700, «В» - 1500 және «С» - 35000 рұқсаттама бланкілері беріледі. Қазақстандық тасымалдаушылар тарапынан негізінен «С» түріндегі рұқсаттамаға сұраныс көп. Және сұраныс ұсыныстан екі есеге артық. Ал, Қытайлық тарап Қазақстанға келу үшін жылына орташа есеппен 4000- 4500 рұқсаттама бланкілерін қолданады. Осылайша, біздің қытайлық әріптестер өз тасымалдаушыларының мүддесін қорғау мақсатында бекітілген квота санын көбейтпей отыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін