Президенттің туристік саланы дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру: Үкіметте жазғы туристік маусымға дайындық мәселелері қаралды - kaz.caravan.kz
  • $ 484.78
  • 558.66
+29 °C
Алматы
2026 Жыл
9 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Президенттің туристік саланы дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру: Үкіметте жазғы туристік маусымға дайындық мәселелері қаралды

Президенттің туристік саланы дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру: Үкіметте жазғы туристік маусымға дайындық мәселелері қаралды

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында туристік саланы дамыту мәселелері қаралды. Жиында туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, ішкі істер министрі Ержан Сәденов, төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, сондай-ақ «Kazakh Tourism Development» АҚ басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев және Қарағанды, Ақмола, Маңғыстау, Жетісу облыстарының әкімдері баяндама жасады.

  • 9 Маусым
  • 2
Фото - Caravan.kz

Олжас Бектенов Президент туризм саласын және тиісті инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөліп отырғанын баса айтып, еліміздің инвестициялық тартымдылығы үшін аталған саланың маңызды екеніне тоқталды.

«Туристік саланы дамыту мәселесі Мемлекет басшысының тұрақты бақылауында. Президент Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте туризм инвестициялық тартымдылықтың өте маңызды бөлігі екенін атап өтті. Ол үшін жұрт жаз айларында ғана емес, жыл бойы демалатындай жағдай жасап, тиісті инфрақұрылымды дамыту қажет», — деп атап өтті Премьер-министр.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметі бойынша, 2025 жылы орналастыру орындары қызмет көрсеткен ішкі туристер саны 8,7 млн адамды құраған, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 12%-ға артық. Шетелдік келушілер саны 2024 жылмен салыстырғанда 500 мың адамға артып, 15,7 млн адамға жеткен. 2025 жылдың қорытындысы бойынша салаға тартылған инвестиция көлемі 33%-ға өсіп, 1,3 трлн теңгені құрады.

Елімізде Президенттің саланы дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Жедел үйлестіру кеңесі жұмыс істейді. Туристік нысандардағы инфрақұрылым мен қызмет көрсету саласына тұрақты негізде тексерулер жүргізіліп келеді.

Сонымен қатар, Премьер-министр өңірлерде оң серпін бар екенін, бірақ ол қарқынның жеткіліксіз екенін атап өтті. Мемлекет басшысы жуырда Алматы облысына барған жұмыс сапарында туристік саланың дамуын сынға алды. Президент өңірдің туристік әлеуеті мен инфрақұрылымын жедел қарқынмен дамыту қажеттігін атап өтті. Мұндай жағдай басқа облыстарда да байқалады.

Сондықтан Премьер-министр барлық әкімдікке туристердің жайлы әрі қауіпсіз демалысын қамтамасыз етіп, көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған тиісті инфрақұрылымды жедел қарқынмен дамытуды тапсырды. Туристік саланың жай-күйі әкімдердің тұрақты бақылауында болуы тиіс.

Үкімет отырысында туристік ірі жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Almaty SuperSki тау шаңғысы кластерін құру жобасын жүзеге асыру барысы қаралды. «Kazakh Tourism Development» АҚ басқарма төрағасы Ержан Еркінбаевтың деректері бойынша жоба аясында күніне 10 мың адамнан асатын 60 шақырым тау-шаңғы трассасы, заманауи 11 аспалы жолын, сондай-ақ инфрақұрылым нысандарын салу жоспарланған. 

Экология және табиғи ресурстар министрі Еран Нысанбаев ғалымдар және жетекші эколог мамандармен бірлесіп жан-жақты зерттеу жұмысы жүргізілгенін, оның қорытындысы бойынша жобаны жүзеге асыру қоршаған ортаға кері әсер етпейтіні анықталғанын айтты.

Олжас Бектенов жобаны уақтылы жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Премьер-министр жобаны жүзеге асырудың барлық кезеңінде жұртшылық арасында тұрақты негізде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыруды тапсырды. 

Премьер-министр сонымен қатар әлемдік туристік индустрияның қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі ретінде экотуризмді дамыту жөнінде шаралар қабылдау қажеттігіне назар аударды. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, жаһандық экологиялық туризм нарығы 2034 жылға қарай $660 млрд-тан асуы мүмкін. Былтыр Қазақстандағы экотуристер саны 3,6 млн адамнан асты. Бұл ретте елімізде Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, сондай-ақ Алтын-Емел, Іле-Алатауы, Бурабай, Баянауыл ұлттық табиғи парктері мен басқа да керемет табиғи байлықтарымыз бар.

Олжас Бектенов бұл аумақтарды дамыту және инвесторларды тарту жұмыстары қосымша назар аударуды қажет ететінін атап өтті. Туристік әлеуетті одан әрі аша түсу үшін жаңа заманауи жобаларды жүзеге асыру қажет екені атап өтілді. Осыған байланысты Туризм және спорт, Экология және табиғи ресурстар министрліктері мен әкімдіктерге бір ай мерзімде нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды.

Жазғы туристік маусымға дайындық маңызды бағыт болып қала береді. Олжас Бектенов демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қосымша алдын алу шараларын қабылдау қажеттігін атап өтті. Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері мен өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүйелі негізде жүргізу және Барлық жедел әрекет ету қызметтері жоғары дайындық және мониторинг режиміне көшірілуі тиіс екенін атап өтілді. 

Сонымен қатар Премьер-министр туристер үшін бағыт-бағдар көрсеткіштері, демалыс аймақтарында санитариялық талаптардың сақталуы және жауапты қызметтердің жұмысын үйлестіру мәселелеріне ерекше назар аударды. 

Барлық демалыс орындарында, саябақтарда және жағажай аймақтарында әртүрлі тілдерде арнайы ақпараттық белгілер, схемалар мен бағыт-бағдар көрсеткіштері орнатылуға тиіс. Туристердің қауіпсіз әрі жайлы демалысы осы саланың негізгі стандартына айналуға тиіс.

Осыған байланысты Жедел үйлестіру штабына мұны ерекше бақылауға алу тапсырылды.

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр мемлекеттік органдар мен мүдделі ұйымдарға бірқатар тапсырма берді.

«Бірінші. Халықтың тарапынан танымал әрі шалғайдағы туристік бағыттарға көлікпен қатынаудың қиындығы туралы шағымдар келіп түсуде. Әуе және теміржол билеттерінің тапшылығы мен бағасының қолжетімділігі де алаңдаушылық туғызады», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Көлік министрлігіне әуе компанияларымен және «Қазақстан темір жолымен» бірлесіп, демалушылар үшін қолайлы бағамен танымал курорттық бағыттарға рейстердің және орындар санын арттыру шараларын қабылдау тапсырылды.

Екінші. Экология министрлігі 10 облыста инвестициялық әлеуеті жоғары негізгі ұлттық парктерді айқындады. 

Сондай-ақ парктерді дамытуға мүдделі инвесторлар да бар.

Барлық тиісті мемлекеттік органдарға басы артық бюрократиясыз, оларды тез арада жүзеге асыру үшін жан-жақты қолдау көрсету тапсырылды.

Үшінші. Туристік маусымның нағыз қызған шағында демалушыларды орналастыру үшін орын тапшылығы қатты байқалады.

Көптеген адамдар арнайы жабдықталмаған демалыс орындарын пайдалануға мәжбүр.

Өңір әкімдіктері шұғыл түрде шатырлар мен автоүйлерде кемпингтік демалысқа арналған тұрақтардың немесе алаңдардың тиісті инфрақұрылымын қамтамасыз етуі қажет.

«Қорытындай келе, тағы бір маңызды мәселеге назар аударамын. Туризм саласы қарқынды дамыған елдерде демалыс сапасы көбіне жайлы қонақ үйлермен немесе әралуан туристік бағыттармен, экскурсиялық бағдарламалармен ғана емес, келушілерге күнделікті қызмет көрсететін мамандардың кәсіби деңгейімен де айқындалады. Бұл жергілікті тұрғындардың қонақжайлық қасиетіне де тікелей байланысты», — деп атап өтті Премьер-министр.

Осы орайда, Туризм министрлігіне әкімдіктермен және туристік компаниялармен бірге өз жұмыстарында демалушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға баса назар аудару тапсырылды. 

Дәл осы қызмет көрсету сапасы туристік саланың тартымдылығына және еліміздің беделіне тікелей әсер ететіні атап өтілді.

Жалпы үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жүктелді.