ҚР президентінің баспасөз қызметінен хабарлауынша, келіссөздер барысында мұнай-газ саласындағы, оның ішінде Каспий қайраңындағы Сәтбаев мұнай блогы бойынша ынтымақтастықты қарқындату мәселесі қозғалды.
Сондай-ақ ақпараттық технологиялар, туризм, әскери-техникалық кооперациялар салаларындағы екіжақты өзара іс-қимылды кеңейтудің перспективасы аталып өтті. Қазірдің өзінде бірқатар үндістандық компаниялар Алматы қаласының технопаркі аумағында жұмыс істеуде, деп көрсетілген баспасөз баянында.
Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, тараптар студенттер алмасулары, ғылыми стажировкалар арқылы бірінші кезекте білім мен ғылым саласындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды арттыруға қолдау білдірді.
Инвестиция мен банк ісі саласындағы ынтымақтастықтың әлеуеті толық жүзеге аспай отыр. Тараптар екі елдің осы саладағы байланыстарын тереңдетуге әзір екендігін білдірді, деп көрсетілген хабарламада.
Келіссөздер барысында тараптар екі елдің сыртқы саяси бастамаларына өзара қолдауды қуаттады.
«Біздің елдеріміз арасындағы саяси үнқатысу өте тиімді дамып отыр. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, АСЕАН және Шанхай ынтымақтастық ұйымы сияқты халықаралық ұйымдар мен көпжақты құрылымдар аясындағы біздің ынтымақтастығымызды айрықша атап көрсетуге болады, — деді Н.Назарбаев. «Біз сондай-ақ, бізді, біздің бастамаларымызды, оның ішінде Әлемдік және дәстүрлі діндер съезін Үндістанның белсенді түрде қолдап отырғанынан хабардармыз», — деп атап көрсетті президент.
Қазақстан басшысы, сонымен қатар, Қазақстанның өзінің тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап Үндістан Республикасымен жылы, достық қатынастарын орнатуға ұмтылғанын және қазіргі таңда еліміз Үндістанның Орта Азиядағы негізгі сауда серіктестерінің бірі болып отырғанын айтуды да ұмытпады.
Өз кезегінде, Үндістанның вице-президенті негізгі саяси мәселелер бойынша екі елдің ұстанымдары ұқсас екендігін айтты. «Біз екі жақты қатынастардың дамуына жаңа серпін беретін Қазақстан президентінің Үндістанға сапарын асыға күтеміз», — деді Мохаммад Хамид Ансари.
2007 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 200 млн АҚШ долларын құраған. Оның ішінде экспорт — $48 млн, импорт — $147 млн.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті