Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың даму барысын қанағаттанғандықпен атап өтті. Қ.Тоқаев Қазақстан мен Сауд Аравиясы Корольдігінің арасында достық пен ынтымақтастық қарым-қатынастар орныққанын айта келіп, оның бір дәлелі ретінде Сенат ғимараты Сауд Аравиясының қаржысына салынғанын еске салды. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Сауд Аравиясына жасаған сапары, сондай-ақ Сауд Аравиясы Корольдігі тақ мұрагерінің біздің елімізге келуі екі ел қатынастарының одан әрі дамуына серпін берді.
Сенат төрағасы парламент сенаты мен Сауд Аравиясы Консультативтік Кеңесі арасындағы байланыстардың өрістеуіне сенім арта отырып алдағы жылы Консультативтік Кеңестің төрағасы Шейх Салех бен Хумейдтің шақыруы бойынша Сауд еліне сапармен баратынын атап өтті. Бұл қарым-қатынастар екі ел ынтымақтастығын дамытуға ықпал етеді.
Қ.Тоқаев біздің еліміздегі ұлтаралық және дінаралық келісім саясаты біздің экономикалық дамуымыздың кепілі болып отырғанын атап өтті. Соның арқасында тәуелсіздік алғаннан бері еліміз дау-жанжалсыз өмір сүріп келеді, бейбітшілік пен тұрақтылық нығая түсті. Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың Әлем және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін өткізу жөніндегі бастамасы Сауд Аравиясы елінің басшылығы тарапынан қолдау табуы ризашылықпен аталып өтілді. Әлем және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі хатшылығының басшысы ретінде Қ.Тоқаев Әлем және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ Съезі 2009 жылы өтетін болып белгіленіп отырғанын айта келіп, оған Ислам, уақыптар, шақырулар мен ғибратнама істері жөніндегі министрі шейх Салех бен Мұхаммад бен Ибрахим әл Аш-шейхты қатысуға шақырды.
Мейман өз кезегінде Қазақстан өзінің екінші елі іспетті екенін айта келіп, екі ел арасындағы қарым-қатынастарды ризашылықпен атап өтті. Ислам, уақыптар, шақырулар мен ғибратнама істері жөніндегі министрі шейх Салех бен Мұхаммад бен Ибрахим әл Аш-шейх өз елінде де дінаралық үндесулерге баса назар аударылып отырғанын, өйткені ол бейбітшілікке апаратын жол екеніне тоқталды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті