«Осындай үлкен шығындарға барып, жаңа су қоймасын салу — бұл оңай шешім емес. Бірақ бізде басқа таңдау жоқ. Сондықтан мәселені түпкілікті шешейік — Көксарайды салатын боламыз», — деп атап көрсетті Н. Назарбаев.
«Бұл, мәселен, Батыстан Қазақстанның оңтүстігіне тартылатын газ құбыры секілді әлеуметтік нысан — ол пайда әкелмейді, бірақта көптеген проблемаларды шешуге көмектеседі», — деді президент.
Сонымен қатар, баспасөз қызметі атап көрсеткендей, Елбасы осы мәселеге байланысты қарсы реттегішті салу Сырдария өзеніндегі судың ластануына және Аралдың одан әрі тартылуына соқтыратын болады дейтін қате пікір қалыптастырған Қызылорда облысының жұртшылығы арасында түсінік жұмыстарын жүргізуді тапсырды. «Қызылордалықтар мамандар мен ғалымдардың пікірлеріне құлақ салсын. Сонда олар бұл жобаны іске асыру ең алдымен облыс халқының, сондай-ақ Кіші Аралды суға толтыру мүддесін көздейтінін түсінетін болады», — деді Мемлекет басшысы.
Аталған су реттегіш нысанның құрылысын салу мәселесі бірнеше жыл қатарынан көтеріліп отырғаны белгілі. Таяуда Қазақстан үкіметі Көксарай мәселесін жан-жақты қарастырып, осы жобаны жедел іске асыру қажеттігін айтқан болатын.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, 1993 жылдан бастап Қырғызстан Тоқтағұл су қоймасының жұмысын «энергетикалық режімге» көшірді, бұл Сырдария өзеніне судың әрқалай келуін туындатты. Қыста жіберілетін судың орта есеппен 2,5 есе ұлғаюы көктемгі су тасқынына және Қазақстанның оңтүстік облыстарындағы елді мекендердің су астында қалу қаупін тудырады, биылғы жылы дәл солай болды. Бұған қоса Өзбекстан кейінгі жылдары Арнасай су қоймасына судың келу көлемін қысқартты. Осыған байланысты Арнасай Қырғызстан аумағынан жіберілетін судың артық бөлігін қабылдайтын қарсы реттегіш функциясын қажетті көлемде орындамайды. «Соның салдарынан Қазақстан аумағында орналасқан Шардара су қоймасы Сырдариядан келетін су ағынын еңсере алмайды», — деп атап көрсетілген хабарламада.
Кеңесте жуырда Оңтүстік Қазақстан облысының бірнеше елді мекендерін су басып, содан 3 мыңнан астам үй мен әлеуметтік нысандар бұзылуы салдарын жоюға жұмсалған республикалық және жергілікті бюджеттердің шығыны 12 миллиард теңгені құрайтыны айтылды. Сонымен қатар Сырдариядағы тасқын ахуалын жоюға Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің шығындары — тағы 3,8 миллиард теңге. «Осылайша, тек осы жылы өзен ағынын шынайы қарсы реттегіштің болмауы мемлекеттің 130 миллион долларға қосымша шығындануын тудырды», — деп атап көрсеткен баспасөз қызметі.
Қауіпті жағдай жылдан жылға қайталанып, Оңтүстік Қазақстан облысының 20 елдімекеніне және Қызылорда облысының 50 елдімекеніне қатер төндіруі мүмкін. «Оның үстіне басты қауіп Сырдарияның «үлкен суы» Шардара су қоймасын бұзып кетуі мүмкіндігінде болып тұр. Мұның өңір үшін жойқын апаттық салдары болады», — деп көрсеткен президенттің баспасөз қызметі.
Осылайша, хабарламада баяндалғандай, Шардара су қоймасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өзеннің төменгі сағасындағы ахуалды қалпына келтіріп, Қызылорда облысының суармалы егістігін, сондай-ақ Сырдария өзенінің атырауындағы табиғи кешендерді қамтамасыз ету үшін Қазақстанның Арнасайға апаттық су жіберудің жоқтығының орнын толтыратын резервтегі су жіберетін орны болуы керек.
Техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес Көксарай қарсы реттегіші суды ұзақ сақтайтын су қоймасы болып табылмайды. «Оның негізгі міндеті 3-4 ай бойы қыста артық жіберілген суды жинақтап, оны кейіннен көктем айларында Қызылорда облысының қажеті үшін және өзеннің төменгі сағасындағы су экожүйелеріне жіберу болып табылады. Сондай-ақ, онда өзеннің қысқы, барынша таза ағысы жинақталатыны маңызды», — деп түсіндіреді баспасөз қызметі.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті