«Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері экономикалық даму, Орта Азиядағы өз орнын іздеу, сондай-ақ, сыртқы әлеммен достық, тату көршілік қатынастарын орнату бойынша бәрінен озық ілгерілеуді көрсетіп отырғанына ешкім шүбә келтіре алмайды», — деді З. Бжезински. Оның пайымдауынша, Қазақстан сияқты мемлекеттер көршілерімен және әлемдік қауымдастықпен толық деңгейдегі қызметтік қатынастар орнатса ғана толығымен тәуелсіз болады, әрі өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады. 90-жылдары «Ұлы шахмат тақтасы. Америка қожалығы және оның геостратегиялық тегеурінді талаптары» («Великая шахматная доска. Господство Америки и его геостратегические императивы») атты кітабында З. Бжезински өзге де мемлекеттермен қатар Орта Азияның бес мемлекетін «Еуразия Балқанына» теңеген. Осы бес мемлекеттің ішінде Қазақстанды «өңір қалқаны», ал Өзбекстанды «оның ұлттық оянуының жан-жүйесі» деп атай отырып, Өзбекстанға басымдық берген. Ол елді З. Бжезински «өңір көшбасшылығынан бірден-бір үміткер ел» ретінде бағалаған.
Ж. Омаровтың «қазіргі таңда сол оқиғаны З. Бжезински қалай бағалайды» деген сауалына ол «мен бұл елді «Еуразия Балқаны» деп атаған кезде мен әлемнің бұл бөлігінің бұдан да кең ауқымын айтқан болатынмын. Оған сондай-ақ, Кавказ мемлекеттері, Ирак, Иран, Ауғанстан, Пәкістан және өзге де елдер кіреді. Қазақстан осы өңірдің қалқаны ретіндегі аса маңызды рөл атқарып отырғанын ешкім жоққа шығара алмас. Өзінің географиялық ауқымы мен орналасуы бойынша Қазақстан Орта Азияның өзге де мемлекеттерін Ресей тарапынан болатын қысымнан қорғайды. Оған себеп: Ресеймен шектесетін тек Қазақстан», — деп жауап берді З. Бжезински. Оның пайымдауынша, «егер Қазақстан осы функцияны сәтті жалғастыра берер болса, өңірдің барлық елдері шын мәніндегі тәуелсіздікке қол жеткізбек. Өзбекстанға қатысты айтарым: Өзбекстан көп ұлтты және көп мәдениетті Қазақстанға қарағанда ұлттық мемлекет болып табылады. Ал ұлттық мәселелерді бағалауда аса мұқият және сақ болған абзал», — деп атап көрсетті газет қонағы.
Шыққан тегі поляк болып табылатын америкалық Збигнев Казимеж Бжезински 1928 жылдың 28 наурызында Варшавадағы дипломаттың отбасында дүниеге келген. Монреальдың Макгилл университеті мен Гарвард университетін бітірген. Гарвард, Колумбия университеттерінде сабақ берген. 1966 — 1968 жылдары АҚШ Мемлекеттік департаментінде қызмет істеген. Джон Кеннеди, Линдон Джонсон және Джимми Картер әкімшіліктерінде кеңесші болған. Рональд Рейган әкімшілігінде химиялық қару жөніндегі комиссия мүшесі болып қызмет атқарған. 1987-1988 жылдары Ұлттық қауіпсіздік кеңесі мен Қорғаныс министрлігінің ұзақ мерзімді стратегия жасау жөніндегі бірлескен комиссиясында жұмыс істеген. Антикоммунизмнің жаһандық стратегиясының, жаңа сипаттағы Америка гегемониясы концепциясының авторы. Қазіргі уақытта Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының кеңесшісі, Вашингтондағы Джон Хопкинс университетінің профессоры және АҚШ президенттігінен үміткер Барак Обаманың кеңесшісі.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті