Жарияланды: 60

Қазақстан Қытайдан 2,062 млрд юань несие алады

Қазақстан Қытайдан 2,062 млрд юань несие алады

Қытайдың Экспорттық-импорттық банкі Қазақстанға 2,062 млрд қытай юанынан аспайтын сомада несие береді. Бүгін Мəжіліс сәйкес заң жобасын мақұлдады.

Заң жобасын таныстырған Премьер-министрдің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Əлихан Смайыловтың айтуынша, несиені қайтару мерзімі - 20 жыл, кредит жылына 2 пайызбен беріледі.

Дегенмен Мəжіліс төрағасы мен депутаттар аталған заң жобасына қатысты бірқатар ескерту жасады. Депутат Анар Жайылғанова да министрге бірнеше сұрақ қойды.

"Менің əріптестерім осы сипаттас келісімшарттарды қарастырған кезде кейінгі уақытта Үкімет осындай сырттан қарыз алу практикасын тұрақты түрде ұстанып келе жатқандығын, және де осындай  алынған қаражаттар көп жағдайда ұтымды пайдаланылмайтын бірнеше рет атап өткен болатын. Ал егер біз республикалық бюджетті, оның ішінде квазимемлекеттік секторды алсақ, жыл сайын олардың шоттарында миллиардтаған қаржы игерілмей қалып қояды. Осыған орай, бұл жобаны өзіміздің бюджет есебінен де іске асыруға болады ғой деген ой туындайды. Əрине, біз түсінеміз, бұл несие өте жеңілдетілген, ұзақ мерзімді. Дегенмен де бұл несие болғандықтан, оның қайтарымы бар. Осы тұрғыдан Қаржы министрі ретінде сіздің пікіріңіз қандай?" - деп сұрады Жайылғанова.

Əлихан Смайыловтың айтуынша, бұндай жобаларды бюджет есебінен қаржыландыру бюджетке үлкен жүктеме түсіреді. Екіншіден, жобаларды əзірлеу жəне іске асыру ұзаққа созылады. Жəне де, жобаларға бөлінген қаражатты қайта қарау жəне оларды көбейту керек болады.

Министрдің мəліметінше, несие қаржысы ЕАЭО-ның кедендік шекарасының қазақстандық учаскесінде орналасқан еліміздің өткізу пунктерін жаңғырту жəне техникалық толық жарақтандыруға жұмсалады. Осы жұмыстың нəтижесінде өткізу пунктерінің қабілеттілігі 12 есе артып, транзиттік хаб əлеуеті көтеріледі. Қазір бекеттерден бір тәулікте 450 көлік өтсе, алда олардың саны 5500-ге дейін өспек.

Мəжілісмендер заң жобасына қатысты бірқатар ескерту жасағанымен талқылаудан кейін оны бірауыздан мақұлдады. Осылайша, "ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы Қытай Халық Республикасының жеңілдікті кредит беруі туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы Сенатқа жөнелтілді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть