Қазақстан Ресейге азық-түлік экспорттауға дайын екенін мәлімдеді - kaz.caravan.kz
  • $ 487.02
  • 552.23
+20 °C
Алматы
2026 Жыл
24 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан Ресейге азық-түлік экспорттауға дайын екенін мәлімдеді

Қазақстан Ресейге азық-түлік экспорттауға дайын екенін мәлімдеді

Ресейдегі жағдай Қазақстанға әсер ететіндіктен, елімізде наннан басқа да азық-түлік пен жанар-жағар май құны өсуі мүмкін. Ол аздай, отандастарымыз кейбір тағам түрлерін тіптен сауда орындарынан таппай қалып жатады. Көрші Ресейдің Америка мен ЕуроОдақ елдеріне қарсы жасаған санкциялары осылайша Кеден Одағындағы әріптестеріне де әсер етпек дейді сарапшылар. Бұл әзірге болжам ғана, ал екінші тарап Ресейдің Еуропадан экспортталатын тағамдардан бас тартуы Қазақ кәсіпкерлерінің айын оңынан тудырады деп қуануда.

  • 19 Тамыз 2014
  • 225
Фото - Caravan.kz

АҚШ пен ЕуроОдақ елдерінің Ресейге қарсы экономикалық санкциялар енгізгені мәлім. Одан кейін ресми Мәскеудің шала бүлінгенін де жұрт біледі. Яғни ондағылар ЕуроОдақ елдері мен Америкадан импортталатын азық-түліктен басы бүтін бас тартты. Арақ-шараптан басқа шетелдік балық, ет өнімдері мен көкөністер, шұжықтар мен ірімшіктер енді Ресейдің сауда орындарынан табылмайтын болады. Бірақ бұдан кейін өздері қиындыққа кез келді. Ал еліміз Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Мәскеудегі жиында Ресейге біздің мемлекет жәрдем жасайтынын айтты. Көрші ел қиналса, Қазақстанның 20-дан астам кәсіпорны азық-түлік тауарларын экспорттауға дайын екенін жеткізіпті. Бірақ сарапшылар бұл дұрыс шешім емес дейді.

Меруерт Махмұтова,  Қоғамдық саясатты зерттеу орталығының директоры:

Өзімізде тағамның бағасы өсіп ол инфляцияға әсер етуде.  Жалпы экономикалық жағдай нашарлауы мүмкін. Ресейдің ірі компаниялары санкцияларға қалып отыр. Сол себепті Ресейдің компанияларымен бизнес дамыту қазақстандық компанияларға да санкция ұлғайтылады дегенді білдіреді.

Ал екінші тарап бұл Қазақстандық кәсіпкерлер үшін ірі нарыққа шығар мүмкіндік дейді. Өз елімізді өніммен жарыта алмай отырған өнеркәсіп орындары енді азық-түлікке мұқтаж Ресейге үдере көшіп саудаға түссе қаржының астында қалады деп сендірді. Және аталмыш санкциялардың арқасында  Еуропа мен Америкадан Қазақ еліне импортталатын азық-түліктердің бағасы төмендейді деп сәуегейлік жасады.


Қанат Нұров, Алматы Жоғарғы басқару мектебінің директоры:

Қазір күту керек, экономикалық заңдылық бойынша бағалар төмендеуі тиіс. Өйткені Ресей ЕуроОдақ елдері мен Американың өнімдерін алмайды сол себепті бізге эскпортталатын азық-түлік көлемі артады. Өз кезегінде нарықта шетелдік тауарлар неғұрлым көбейсе бағасы соғұрлым төмендемек.

— Саяси сәуегейлер бір қателесті, Украинадағы жанжалдан соң ЕуроОдақ пен Америка Ресейге сансыз санкциялар салып, сыртқы әлемнен оқшаулап тастайды деген. Бірақ, міне, Путин басқарған ел өздері бірінші боп қарт құрлықтан іргесін алыс салды. Бұл айланың құны қымбат, өтеуіне халқы азықсыз қалуы мүмкін. Өйткені Ресейдің Еуропадағы мықтылармен текетіресі қазіргі таңда Кеден Одағы елдеріндегі тауарлардың 8%-ға қымбаттауына әкеп соққан. Ал Одақтағы үш елдің тауар айналымы 23%-ға бір-ақ құлдырапты.