Қазақстан Республикасында су көлігі саласында 9 айда 55 әкімшілік заң бұзушылық анықталған - kaz.caravan.kz
  • $ 470.17
  • 547.47
+6 °C
Алматы
2026 Жыл
15 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан Республикасында  су көлігі саласында 9 айда  55 әкімшілік заң бұзушылық анықталған

Қазақстан Республикасында су көлігі саласында 9 айда 55 әкімшілік заң бұзушылық анықталған

Астана. 5-қараша. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстан Республикасының су көлігінде үстіміздегі жылдың алғашқы 9 айы ішінде 55 әкімшілік заң бұзушылық анықталған. 54 адам әкімшілік жауапқа тартылған. 670,5 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Бұл туралы "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісіне Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

  • 5 Қараша 2007
  • 1043
Фото - Caravan.kz

Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігінің Көлікті бақылау комитетінің су көлігін бақылау басқармасы флоттағы апаттар деңгейінің алдын-алу мақсатында үстіміздегі жылдың алғашқы 9 айындағы бақылау-қадағалау қызметінің қорытындысын жариялаған.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, аймақтық бақылау басқармалары 1501 өзен қайықтарын және 45 теңіз кемелерін тексерген. Кеме жүзетін су жолдарының 9730 шақырымының, 10 порттың, 72 айлақтың, 10 рейдтің, 41 көпірдің, 31 өткелдің жағдайлары инспекторлық тексерістен өткен. Сондай-ақ, 216 кемелік шұғыл жаттығу өткізілген.

9 ай ішінде Ақтау халықаралық теңіз сауда портының айлақтық қадағалау инспекциясы кемелердің пайдалануға жарамдылығы және теңізде сапар шегу қауіпсіздігіне әсер ететін заң бұзушылықтарды анықтау мақсатында 1392 теңіз кемесі тексерілген. Кемелер мен объектілердің иелеріне анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін 121 шешім берілген.

Көлік және коммуникация министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, мемлекеттік кеме реестрінде 821 өзен және 152 теңіз кемелері тіркелген. 9 айдың ішінде кеме иелеріне су жолдарын пайдалануға 493 рұқсат қағаз берілген.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті