Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесіп, оның барысында Қазақстан көшбасшысы күн райының ахуалына байланысты осы елде туындаған қиын жағдай жайлы сұрап білді.
Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Э. Рахмон өз елінің бірінші кезекте электр қуаты мен азық-түлік тапшылығына байланысты үлкен қиындықтарға тап болғанын жеткізді. Ол Қазақстан басшылығынан Тәжікстан душар болған гуманитарлық апатқа байланысты қиындықтарды еңсеруге қолұшын беруді сұрады.
«Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның бауырлас Тәжікстан еліне қиындық кезінде демеу көрсететінін айтып, Тәжікстанға 1,5 млн доллардың қайырымдылық көмегін жіберуге шешім қабылданғанын хабарлады. Тәжікстанға Қазақстаннан дизельдік отын, мазут, мың тонна бидай, қысқы киімдер мен азық-түлік өнімдері тез арада жіберілмек», -деп хабарлайды баспасөз қызсеті.
Бұған қоса, Қазақстан тәжік жағына отын мен жанар-жағармай, азық-түлік өнімдері, тұқым мен минералды тыңайтқыштардың қосымша көлемін сатып алуға мүмкіндік береді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті