Жарияланды: 790

Қазақстан трансшекаралық өзендерді тиімді пайдалану мәселесінде өзінің ішкі саясатын да орнықты жүргізгені ләзім

Қазақстан трансшекаралық өзендерді тиімді пайдалану мәселесінде өзінің ішкі саясатын да орнықты жүргізілгені ләзім.

Бұл туралы бүгін Ислам ынтымақтастық ұйымы су стратегиясын қалыптастыру жөніндегі кеңестің екінші мәжілісінде БҰҰ Даму бағдарламасының үйлестірушісі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі Әмірхан Кеншімов осылай мәлім етті. Ә. Кеншімовтың айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасында трансшекаралық 24 өзен бар болса, соның 4-еуі үлкен, қалғандары шағын өзендер болып табылады. Алайда осы трансшекаралық өзендерді ортақ пайдалануда шешімін таппай отырған проблемалар жеткілікті. «Қазақстан үшін ең бірінші мәселе - шекара маңындағы өзен бойында қазақ жұртшылығы көп қоныстанбаған. Бұрын болған ауылдар экономикалық қиындық кезеңінде қалаға қарай көшіп кетті. Ал Қытай керісінше жұртты шекараға төгіп, кіші өзендеріміздің бәрін сол арқылы пайдалануға жол ашып беріп отыр. Келіссөздер тарихи фактінің алдына келтірілсе Қытай осыны басымдық етуі мүмкін. Екіншіден - өзендерді бөліске салғанда қытайлар халықтың санын да алға тартады. Өз тарапынан жерлерді игеріп, өндіріс ошақтарын қаптатқан көрші ел ішкі Қытайдан адамды шекараға тасып, төгуде. Сондықтан да Қытай суды пайдалануды халық санына қарай бөлу керектігін аракідік айтып қалуда. Үшіншіден - 10 жылдың ішінде Қытайдың суармалы жерлері 2 есеге ұлғайды. Бұрын 1,5 млн. гектар болса, қазір 3 млн. гектар шамасында. Бұны да Қытай алға тартып: «суармалы жерлер бойынша бөлейік» дегенді айтады. Ал Қазақстанда керісінше жерді игеру үрдісі төмен», - деді Ә. Кеншімов. Оның айтуынша, Қытай тарапының аталған үш ұстанымы бойынша су бөлінсе Балқаш теңізі Арал тағдырын қайталауы бек мүмкін. Осыған орай Қазақстан Балқаштың мәртебесін көтеріп, суды бөлгенде оны «үшінші мемлекет» ретінде қарауды ұсынады. «Сөйтіп суды екіге емес, үш мемлекетке (үшіншісі Балқаш өзені) қатысты бөлуді ұсынып отырмыз. Бұдан бөлек, Қазақстанның суды тиімді пайдалануға қатысты ішкі саясаты да дұрыс өрбуі шарт. Суармалы жердің көбісіне жаңа технологиялар енгізген ләзім. Оның ішінде тамшылатып суарудың орны ерекше. Сонда ғана суды пайдаланудың тиімділігі артады», - деді Ә. Кеншімов.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін