Жарияланды: 480

«Қазақстан тұрғын үй-құрылыс банкі» АҚ 2011 жылдың соңына дейін 2038 пәтер салуды жоспарлап отыр - Д.Тойбаев

Бүгін Алматыда «Қазақстан тұрғын үй-құрылыс банкі» АҚ-ның басшылары арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, ҚР тұрғын үй құрылысының 2011-2014 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жергілікті атқарушы органдар салған тұрғын үйлерді сатып алушылар пулын құру жұмысының алғашқы қорытындысын жариялады.

Халықтың тұрғын үйге қолжетімділігін қамтамасыз ететін бағдарлама бойынша 2011-2014 жылдар арасында жылына 6 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Сонымен қатар қазақстандықтарды нарық бағасынан әлдеқайда төмен бағадағы тұрғын үймен қамтамасыз етуге, ел бюджетінен 150 миллиардтан астам теңге бөлініп отыр. Бағдарламаның бірінші бағытын жүзеге асыруға аталған банк, Астана, Алматы қалалары мен еліміздің бүкіл облыстарының жергілікті атқарушы органдары қатыстырылған. Банктің басқарушы директоры Данияр Тойбаевтың айтуынша, жергілікті атқарушы органдар республикалық бюджеттен берілетін несиелер есебінен тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесіне қатысушыларға арнап үшінші класты жайлылықтағы баспана салмақ. "Бүгінгі күні тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесіне қатысушыларға іске асыру үшін 2011 жылдың соңына дейін 743 пәтер және 2012 жылда - 1295 пәтер, барлығы - 2038 пәтер салуды жоспарлап отырған Астана, Алматы қалалары және Алматы, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Жамбыл және Павлодар облыстарының әкімдіктерімен тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы тұрғын үй салу және іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы жекелеген нысандық келісімдер жасалды", - дейді Д.Тойбаев. Сонымен қатар ол салынып жатқан тұрғын үйлердің таза әрленген 1 шаршы метрі Алматы қаласында 142,5 мың теңге, Астанада - 112,5 мың, Ақтөбе, Атырау, Орал, Қарағанды, Қызылорда және Павлодар қалаларында - 90 мың, Талдықорғанда - 86 558 теңгені құрап отырғандығын жеткізді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін