ҚР Конституциясының 70-бабының 1-тармағына сәйкес Үкімет Қазақстан Республикасының жаңадан сайланған Президенті алдында өзінің өкілеттіктерін доғарады.
Конституция нормаларына сәйкес Президент Парламент Мәжілісіндегі саяси партиялар фракцияларымен консультациялардан кейін Мәжілістің қарауына Премьер-Министрдің кандидатурасын ұсынады.
Мәжіліс Премьер-Министрдің кандидатурасын мақұлдаған жағдайда Президент оны қызметіне тағайындайды. Тағайындалған Премьер-Министр он күн мерзім ішінде Президентке Үкімет құрамы мен құрылымы туралы ұсыныстарын енгізуі тиіс.
Еске сала кетейік, 2014 жылғы 2 сәуірде ҚР Президенті Н.Назарбаев өзінің Жарлығымен Үкіметтің бұрынғы басшысы Серік Ахметовтің отставкасына байланысты Кәрім Мәсімовті ҚР Премьер-Министрі етіп тағайындаған болатын.
2014 жылғы 4 сәуірде Мемлекет басшысы өзінің Жарлығымен Кәрім Мәсімов басқарған Үкіметтің жаңа құрамын тағайындады.
2014 жылғы 6 тамызда ҚР Президенті Ақордада Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Үкіметінің қайта құрылатынын жариялады. Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін және жинақы Үкіметті ұйымдастыру үшін бес жаңа министрлік құрылды. Сөйтіп, Үкіметтің жаңа құрылымы 12 министрліктен және 30-ға тарта комитеттен құралды. Ал К.Мәсімов ҚР Премьер-Министрі қызметін сақтап қалды.