«Бүгін үкімет парламент мәжілісіне үлестік құрылыс бойынша заң жобасын енгізу туралы қаулыға дауыс берді.Үлестік құрылыс мәселесі бойынша қолданыстағы заңдылық іс жүзінде жұмыс істемейді. Осы уақытқа дейін бір ғана лицензия берілген,бірде-бір нысан салынбаған.Қазір үлестік құрылысқа қатысушылар үшін қауіптілікті азайтуды қарастыратын заң жобасы дайындалды»,-деді ол Астанада сейсенбі күні өткен брифингте.
Министр заң жобасында екі механизм қарастырылғанын атап өтті.
«Біріншісі — құрылыс жүргізуші немесе жоба компаниясы банктен несие алғанда. Бұл жағдайда үлескерлер қаражатын нөлдік циклдан бастап қатыстыру қажет.Құрылыс жүргізуші үлескерлердің қаржысын қатыстыруға рұқсат алмастан бұрын өз қаржысының 20-30 пайызын жобаға кіріктіруі қажет. Келісім-шарт инжинирингтік компаниямен жасалады,ол қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылайды және құрылыс барысында әрбір ақша аударымына рұқсат береді» ,-деп түсіндірді Б.Жәмішев.
Министр екінші механизм банктік несиелеуді қарастырмайтынын айтты, алайда бұл жағдайда құрылыс жүргізушіге қойылар талап жоғары.
«Үлескерлердің қаражатын каркас дайын болғанда ғана қатыстыруға болады. Мұндай жағдайда да инжинрингтік компания қатыстырылады, ол қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылайды,үлескерлер алдында есеп береді»,- деп түсіндірді Б.Жәмішев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Ұлттық банк құрылыс жүргізушілердің үлестік құрылысқа қатысушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру шарасын үлескерлер құқықтарын қорғау механизмі ретінде қарауға қарсылық білдіріп, кепілдік қорын құруды ұсынған болатын.