Жарияланды: 440

Қазақстан жастарының демократиялық одағы елімізде дауыс берудің электрондық жүйесін енгізуге қарсылық білдірді

Қазақстан жастарының демократиялық одағы (ҚЖДО) жаңа сайлау заңын сынай отырып, елімізде дауыс берудің электрондық жүйесін енгізуге қарсылық білдірді. Бұл туралы ҚЖДО мүшелері бүгін, 21-сәуірде Алматыда өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

ҚЖДО-ның тең төрайымы Светлана Каплинаның айтуынша, бүгінде елімізде электрондық дауыс беру жүйсін пайдалану тетіктері ойластырылмаған. Жүйені енгізу сайлау қорытындысын бұрмалауды "заңдастырады", дейді С.Каплина. Оның айтуынша, сенімді өкілдер мен бақылаушылардың дауыс беру барысын қадағалау жүйесі айқын емес, "жасырын дауыс беру принципі қалай қамтамасыз етілетіні белгісіз". Сондай-ақ, ҚЖДО-ның жетекшілері "аталмыш жүйені сайлаушылардың барлығы бірдей дұрыс пайдалана алады" дегенге күдік келтіреді. ҚР Орталық сайлау комиссиясы ұсынып отырған "Сайлау" атты электрондық дауыс беру жүйесі "өте күрделі", дейді ҚЖДО-ның мүшелері. "Азаматтардың барлығы бірдей компьютерді жеттік меңгермегендіктен, бұл сайлаушылар арасында кейбір қиындықтар туғызатыны анық". ҚЖДО мүшелері Қазақстанда электрондық дауыс беру жүйесін енгізу ерте деп санайды. С.Каплина осы орайда Қазақстан жастарының сайлауға деген көзқарасы туралы сауалнама қорытындысын мысалға келтірді. Сайлау нәтижесі алдын-ала "қолдан жасалатындықтан", жастар "сайлауға сенбейді" немесе оған "мүлдем қатыспайды" деген деректі айқындадық дейді ол. ҚЖДО-ның тең төрайымының пайымдауынша, Қазақстанда электрондық дауыс беру жүйесін енгізу сайлаушылардың сенімсіздігін тіптен күшейтетіндіктен, "халықты сайлаудан одан бетер алыстатып жібереді". Қазақстан жастарының демократиялық одағы 2003-жылдың желтоқсан айында құрылған. Қазір оған еліміздің 19 қаласынан 3 мың жас біріккен. ҚЖДО жастардың қоғамдық-саяси өмірге атсалысу аясын кеңейтуді мақсат тұтады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін