Жарияланды: 30

Қазақстанда 224 мемлекеттік қызметші жазаланды

Қазақстанда 224 мемлекеттік қызметші жазаланды

Мемлекеттік органдардың қызметкерлері бюджет қаражатын тиімсіз жұмсағаны үшін жауапқа тартылған

Бюджет қаражатын тиімсіз жұмсағаны үшін қарапайым орындаушыларды емес, шешім қабылдайтын лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту қажет. Бұл туралы республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Годунованың айтуынша, былтыр сапасыз бюджеттік шешімдердің кесірінен 138 миллиард теңге тиімсіз жұмсалған.

"Ал бұл үшін кім жазаланды? Шешім қабылдамайтын қарапайым орындаушылар. Мәселен, 2018 жылы 224 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған, олардың тек 9 проценті ғана – басшылар. Сондықтан қолданыстағы заңнамаға қаржылық заңбұзушылықтар, бюджет қаржысын тиімсіз жоспарлау және жұмсағаны үшін лауазымды тұлғаларды міндетті жауапқа тарту туралы өзгеріс енгізу қажет деп санаймыз", - деді Годунова парламент палаталарының бірлескен отырысында.

Ол мемлекет басшысы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру мен бюджет қаржысын пайдалану бойынша жауапкершілікті қатаңдату қажеттігін қадап айтқанын еске салды.

"Біздің міндетіміз – осы тапсырманы орындау", - деді комитет төрағасы.

Айтуынша, өткен жылы бюджет шығыстарының орындалуы 99,8 процентті құраған. Алайда бюджеттік бағдарламалардың жоспарланған көрсеткіштері толығымен орындалмай отыр. Оның үстіне, көп жағдайда көрсеткіштер мен жұмсалған ақша мөлшері арасында байланыс жоқ.

"Сондықтан біз бюджеттің орындалуын қаржыны игеру көрсеткіші арқылы бағаламай, қойылған нәтижеге қол жеткізуге баса назар аударуымыз керек", - деді Годунова.



 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін