Қазақстанда 34 мың жеткіншек ата-анасыз ғұмыр кешуде - kaz.caravan.kz
  • $ 443.44
  • 480.51
+23 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстанда 34 мың жеткіншек ата-анасыз ғұмыр кешуде

Қазақстанда 34 мың жеткіншек ата-анасыз ғұмыр кешуде

Қазақстанда 34 мың жеткіншек ата-анасыз ғұмыр кешуде. Оның тең жартысы аялы алақаннан жастайында айрылғандар болса, қалғанын көзі тірісінде әкесі мен анасы тастап кеткен. Бұл балғындардың ендігі тағдыры не болмақ? Аталмыш тақырыпты 28 ақпанда Астана өтетін форумда депутаттар мен мемлекеттік емес ұйым өкілдері талқыламақ. Ал біздің арна жетім жеткіншектердің қиындыққа толы өмірі туралы айтуды жалғастырады. Бүгін кезекті бір бөбектің жетімдер үйіндегі жағдайын сөз етпекпіз.

  • 23 Ақпан 2013
  • 520
Фото - Caravan.kz

Жетімдік деген жиіркенішті тіркестің жетімін жылатпаған қазақтың қоғамына енгені де кеше емес. Тағдырдың тауқыметін жасөскін шағынан тартқан балғындардың барлығы дәл осындай тамдарда тұрады. Мемлекет асын беріп, жанарын жасқа шылатпауға тырысқанымен ананың аялы алақанына жетпесі анық. Светлана жаңа жылдың алдында балалар үйіне келген. Жалғыз қызы көлік апатында жазым болған жан ендігі махаббатын жазмыштың жазасын тартып, жетім қалған бүлдіршінге арнамаққа бел буған. 

Светлана Лопатина, Алматы қаласының тұрғыны:

Осында келгенде көзіме бірінші Наташа есімді қыз түсті. Мені бірден баурап алды. Туған қызыма арнай алмаған аналық махаббатымды дәл осы бүлдіршінге сыйлағым келді. Енді менің отбасымның мүшесі болғанын қалаймын.

Светлана көзіне оттай басылған Наташаны асырап алғысы келген. Бірақ, бәрі біз айтқандай оңай емес екен. 9 жасар қызды ішімдікке салынған анасы тастап кетіпті. Алайда қызынан бас тартатындығы жөнінде тілдей құжат та қалдырмаған. Сондықтан Наташаны тек патронатты тәрбиеге алса болады, басы бүтін асырап алуға рұқсат жоқ. Аталмыш ойды жүзеге асыру үшін 14 құжат жинау керек екен. Оған қоса балалар үйінің жанындағы арнайы оқу сыныбына да бару керек. Наташа туралы түбейгейлі ақпаратты алу үшін. Бірақ бұл да бөгет емес.


Елена Волкова, педагог:

— Алдымен біз бала асырап алуға талпынған ата-аналарға заңдық және психологиялық тұрғыда сауаттандырамыз. Алмақшы болған бала туралы ақпаратпен қанықтырамыз. Және ниет білдірген отбасын да қадағалап, денсаулықтарын тексереміз.

Қыруар құжаттың шырмауына түскен Светлана мен Наташа сенбі жексенбі күндерін бірге өткізеді. Ойнайды, сырласады, болашақ бақытты күндерін жоспарлайды. Қазір балалар үйінің ұжымы маскүнем ананы іздеуге берген. Арызын алып Светланаға балғынды заңды түрде түбегейлі асырап алуға мүмкіндік жасау үшін. Жаңа отбасында өзін жат сезінбес үшін қайырымды жан жеткіншекке өз тегін беруді де жоспарлап қойыпты.

Соңғы жаңалықтар