Қазақстанда "Дала қыраны-2003" атты арнаулы тактикалық бірлескен оқу-жаттығулар басталды
Бүгін, 17-шілдеде Қапшағай гарнизонындағы десанттық-шабуыл бригадасының базасында "Дала қыраны-2003" атты арнаулы тактикалық бірлескен оқу-жаттығулардың ашылу салтанаты өтті ,- деп хабарлады ҚР қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен KZ-today тілшісіне. |
17-24-шілде аралығында өтетін оқу-жаттығуларға ҚР Қарулы Күштерінің Аэромобильді күштері бөлімшелері , АҚШ арнаулы күштері бөлімшелері мен Шотландиялық (Ұлыбритания) Гвардияның бөлімшелері қатысады. Осындай бірлескен жаттығулар өткізу туралы келісімге ҚР қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев пен оның шетелдік әріптестері 2003-жылдың басында қол қойған.
Жаттығулар "ҚР Қарулы Күштері Аэромобильді күштерінің заңсыз қарулы жендеттерді жоюға бағытталған арнаулы жауынгерлік операциясы" деген тақырыпқа арналады.
ҚР Қорғаныс министрлігінің ақпаратына қарағанда, жаттығу мақсаты - заңсыз қарулы жендеттерді жоюға бағытталған арнаулы жауынгерлік операцияларды жоспарлау, ұйымдастыру және өткізу тұрғысында Аэромобильді күштерді басқару органының біртұтас пікір-көзқарасын қалыптастыру болып табылады. Сондай-ақ, оқу-жаттығулар барысында коалициялық күштердің таулы және далалық ахуалдағы жауынгерлік алғырлығын арттыруға машықтандыру, әскерлерді жауынгерлік мақсатта пайдалану тұрғысында Аэромобильді күштерді басқару органдарының ықпалдастығын арттыру, аэромобильді күштерді жан-жақты қамтамасыз ету мәселелері қарастырылады.
Жаттығуға Әуе қорғаныс күштерінің фронттық және шабуылдық авиациясы мен Аэромобильді жасақтардың күш-құрылымдары қатысып, парашютпен түсіру және ұшақпен қондыру тәсілдерімен жауынгерлік құрамдардан десант түсіруге , әскери мүліктер мен қару-жарақтарды әуеден түсіруге бағытталған жаттығулар жүзеге асырылады.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін