Қазақстанда гепатиттің А түрімен ауыру ауқымы артуы ықтимал
Қазақстан гепатиттің А түрімен ауыру ауқымы кезекті маусымдық арту сатысында тұр. |
Бұл туралы бүгін , 17-шілдеде Алматыда өткен "Вирусты гепатиттің А түрінің оқушылар арасында таралуы. Мектеп қабырғасында аурудың алдын алу
мүмкіндіктері" тақырыбындағы дөңгелек үстелде Республикалық Тазалық-індет станциясының жұқпалы аурулар бөлімнінің меңгерушісі Татьяна Сурдина хабарлады.
Дөңгелек үстелге мектеп директорлары, дәрігерлер мен эпидемиолог мамандар қатысты.
Т.Сурдинанның айтуынша, тұрғындар арасында жаппай профилактикалық шаралардың өткізілмейтіндігінен гепатиттің А түрі бүгінде ырық бермейтін жұқпалы ауруға айналып барады. Эпидемиялық ахуалға жасаған талдауға қарағанда елімізде бұл ауру әрбір 5-7 жылда бір үлкен қарқынмен таралады екен. Соңғы 4 жылда гепатиттің А түрімен ауыру ауқымы азайып отырған. Ал 2002-жылы ауру жұқтырудың ең аз көлемі тіркеліп, әрбір 100 мың тұрғынға шаққанда бұрынғы 400-500 оқиғадан 80-100 оқиғаға дейін төмендеді.
Алайда, жұқпалы аурулармен айналысушы дәрігерлердің айтуынша, ағымға сәйкес гепатиттің А түрімен ауыру ауықымы мектептерде сабақ басталғанда, қыркүйек айында артуы ықтимал.
Республикалық Тазалық-індет станциясының мәліметіне сүйенсек, вирусты гепатиттің А түрімен ауыру 14 жасқа дейінгі балалар арасында жиі кездеседі екен. Айталық, үстіміздегі жылдың алғашқы жартысында жалпы ауырғандар арасында олардың үлес салмағы 60 процентті құраған. Соның ішінде гепатит түрлері арасынан әсіресе А түрі кеңінен таралып 80 процентті құрап отыр. Ал гепатиттің В түрі 17-18 процент, С түрі 1-2 процентті иемденеді. Гепатиттің А түрі 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында тіпті 97 процент көлемінде таралған. Жыл басынан бері гепатиттің А түрімен ауыру ауқымы Қызылорда облысында 10,7 процент, Оңтүстік Қазақстан облысында 22,7 процент, Алматыда 21,3 процентті құраған. Еліміз бойынша гепатиттің А түрін жұқтырған барлық балалардың үштен екі бөлігі осы үш аймақтың үлесіне тиеді.
Сондай-ақ, Республикалық Тазалық-індет станциясының мәліметіне сүйенсек, елімізде гепатиттің С түрінің де ұлғаю ағымы байқалуда. 2003-жылдың алғашқы жартысында вирусты гепатиттің С түрімен ауыру оқиғасы 145 мәрте тіркелді. Бұл өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 31 процентке артық. Ал гепатиттің В түріне қарсы вакцина егу шараларының арқасында керісінше аурудың бұл түрі жалпы деңгейдің 13,5 процентіне дейін азайды. Бірақ 14 жасқа дейінгі балалар арасында ол 15 процентке дейін өскен.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін