Қазақстанда карантин мерзімі 11 мамырға дейін ұзартылды - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+14 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстанда карантин мерзімі 11 мамырға дейін ұзартылды

Қазақстанда карантин мерзімі 11 мамырға дейін ұзартылды

Елімізде карантин мерзімі 11 мамырға дейін ұзартылды

  • 27 Сәуiр 2020
  • 36
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Президенттің мәлімдемесі Ақордада жарияланды:

Құрметті отандастар!

Баршаңызға белгілі, Қазақстан халқы 16 наурыздан бастап төтенше жағдай режиміне көшті.

Әрине, бұл кезең жұртшылыққа оңай тимегені анық.

Кейбір азаматтар жұмысын жоғалтып, табыссыз қалды.

Ойға алған жоспарларын өзгертуге мәжбүр болғандар да бар.

Адами тұрғыдан мен мұны түсінемін.

Қауіпті вирус Қазақстанда кең жайылып кетпеуі үшін осындай күрделі, бірақ аса қажет шешім қабылдадым.

Соның арқасында індет жаппай таралған жоқ.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да, халықаралық сарапшылар да Қазақстанның іс-қимылын оң бағалап отыр.

Елімізде қатаң карантин шаралары енгізіліп, қоғамдық көліктің жұмысы тоқтатылды.

Мекемелер мен кәсіпорындардың басым бөлігі қашықтан жұмыс істеу режиміне көшті.

Көшелер, тұрғын үйлер дезинфекцияланып, науқастарға дәрігерлік көмек көрсетілуде.

Әрине, барлық облыстағы жағдай бірдей емес.

Кейбір аймақтарда індет шарықтау шегінен өткен сияқты.


Бірақ бірқатар өңірде вирустың таралу қаупі әлі де сейілмей отыр.

Біз ондағы нақты санитарлық ахуалға қарай әрекет жасаймыз.

Басты міндет – азаматтарымыздың денсаулығын сақтап, өмірін қорғап қалу.

Әлеуметтік және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, халықтың табысын сақтау үшін де арнайы шаралар қабылданып жатыр.

Тағы да қайталап айтамын: қазіргідей күрделі кезде әрбір азамат біздің назарымызда болады. Мемлекет ешкімді қиындықта қалдырмайды.

"Еліміздегі қазіргі ахуалға байланысты және Мемлекеттік комиссияның ұсыныстарын негізге алып, мен Төтенше жағдай режимін биылғы 11 мамырға дейін ұзарту туралы Жарлық шығару жөнінде шешім қабылдадым. Бұл – біз бастан өткеріп жатқан күрделі кезеңнің талабы. Заңға сәйкес 11 мамырда Төтенше жағдай режимі аяқталады", — деді Тоқаев мәлімдемесінде.

Еске салайық, мұның алдында Қазақстанда төтенше жағдай режимі 1 мамырға дейін ұзартылғаны хабарланған еді.

Соңғы жаңалықтар