Жарияланды: 530

Қазақстанда мүгедек жастардың қозғалысы құрылды

Қазақстанда мүгедек жастардың қозғалысы құрылды. Бұл туралы бүгін, 23-шілдеде Алматыда өткен баспасөз мәслихатында қозғалыс өкілдері мәлімдеді.

Қазақстанда осындай қозғалыс құру туралы шешім мүмкіндігі шектеулі жастардың Ұлыбританияда өткен бірінші Халықаралық конгрессінің қорытындысы бойынша қабылданған көрінеді. Бұл конгресске дүниежүзінің 36 елінен , соның ішінде Қазақстаннан да мүгедек жастар өкіл ретінде қатысты. Қозғалысты құруда қоғамның мүгедектерге деген қарым-қатынас, көзқарасын өзгерту мақсаты көзделіп отыр. Қозғалыс халықаралық конгрессте бір дауыстан қабылданған "Біз жоқ жерде біз туралы жақ ашуға болмайды!" деген ұранға бағынбақшы. Қозғалысқа қатысушылар мүгедек жастардың мүддесін қорғау, оларды барлық деңгейдегі шешім қабылдау сатыларына қатыстыруға тырысу, заңдық және басқа да жәрдемдер көрсетуді жоспарлап отыр. Баспасөз мәслихатында атап көрсетілгеніндей, Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі адамдардың азаматтық құқығы қорғалмайды. Атап айтсақ, олардың басқалармен тең құқылы білім игеру немесе еңбекпен қамтылу құқықтары аяқ асты етіліп отыр. Мүгедектер үшін мектептер, институттар, кітапханалар, мәдени және емдеу мекемелері мен дүкендерге кіріп-шығудың өзі мұң. Көлік құралдары да оларға лайықталмаған. Сондай-ақ, мүгедектерді әлеуметтік қорғау бағытындағы заңдар мен бағдарламаларды жүзеге асырудың нақты тетіктері қалыптаспағандықтан іс жүзінде қолданыс таппай отыр. Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде қазір 386,2 мың мүгедек тіркелген, олардың арасында 16 жасқа дейінгі мүгедектер 49,8 мыңды, балалық шағынан мүгедектікке душар болғандар 58,8 мыңды құрайды. Соңғы екі жылда балалар арасындағы мүгедектік 16 процентке артқан. Жаңа қозғалыс алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі жастардың мұқтаждығын қаржыландыруға арналған қор құруды, алдағы күзде мүгедек жастардың бірінші Республикалық конгрессін шақырып, онда "Іс жүзіндегі құқық" атты бағдарлама қабылдауды, сондай-ақ, парламент пен үкіметке арнап мәлімдеме жасауды межелеп отыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть