Жарияланды: 740

Қазақстанда өндірілген алтын өз еліміздің зауыттарында ғана өңделеді - Ә.Исекешев

Қазақстанда өндірілген алтын өз еліміздің зауыттарында ғана өңделеді - Ә.Исекешев

Қазақстанда өндірілген алтын Қазақстанның зауыттарында ғана өңделеді.

Бұл туралы бүгін Мәжілісте Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев мәлім етті. Еске салайық, жиында палата депутаттары «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған болатын. 

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біріншіден, Қазақстанның алтыны толығымен еліміздің аумағына өңделуі тиіс. Екіншіден, Еуразиялық экономикалық одақ аясында осы саладағы қатынастарды ұлттық заңнамамен реттеу қажеттігі туындап отыр. Өйткені бұндай заңнамалар Ресей мен Беларусь елдерінде бар, яғни аталған елдер алтынды тек өз елдерінде ғана өңдейді», - деді министр Әсет Исекешев. 
Оның айтуынша, Қазақстанда өңделмеген алтын шикізатын өңдейтін екі зауыт болса, жақында Астанада аффинирленген алтын шығаратын үшінші жаңа зауыт ашылған. Осыған орай, заң жобасындағы нормалармен аталған үш зауытты шикізатпен қамту толық қарастырылып отыр. 
«Бұл ретте елімізден алтын шикізаты кенін шетелге шығарушы кәсіпорындар ең алдымен Қазақстанның үш зауытынан алтынды өңдеуден бас тартқаны туралы анықтама ұсынуы тиіс болады. Ал үш зауыттың технологиясы да, қуаты да еліміздегі кеннің басым бөлігін өңдеуге жеткілікті. Ең бастысы бұл зауыттар кен түрінде шетелге кетіп жатқан асыл заттарды шектеуге де септігін тигізбек. Өйткені, шикі алтынды өңдеу үшін шетелге әкетіліп жатқан кеннің арасында асыл заттар да бірге әкетілетін, енді бұлай болмайды», - деді министр.
Бұл ретте ведомство басшысы егер қазақстандық үш зауыт аса сирек кездесетін асыл заттарды өңдей алмайтын жағдайда болса, онда кәсіпорын оны шетелге шығармас бұрын ең алдымен Ұлттық банкке ұсынуы тиістігін жеткізді. 
«Әрине, экономикалық тұрғыдан бұл тетік аса тиімді. Елімізде алтын өңдейтін үш зауыт бар. Ең бастысы, еліміздегі алтынның толық өңделуі Қазақстанда жүзеге асатын болады», - деді Ә.Исекешев.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін