Жарияланды: 1200

Қазақстанда қалай министр болуға болады?

Қазақстанда қалай министр болуға болады?

Менің министр болғым келеді. Неге болмаймын. Аналардан қай жерім кем. Боламын. Халқыма адал қызмет етемін… Көрде тұр, мен министр болам. Осы бар ғой… аха, ық-ұқ… мен министр болам… (Ышқынған үнім ішіме сыймай сыртқа атып шықты). Мен министр болам, болам, болам…

Ентігімді басып, артыма қарасам, өй, бар болғыр, ақсиып күліп Бөкенбай құрдасым тұр. «Сен бе, министр болатын…» деп қояды. «Неге болмаймын» деймін еліріп, – Тап, саған қастық қылғанда бар ғой… (сөзімді аяқтай алмай демігіп қалдым). Бөкем құрдас тіпті ақсия түсті. «Министр болсаң жұрттың бәрін қазақша сөйлетер ме едің?». Әрине!. «Ұрпақ тәрбиесін ұлттық ұғым, салт-дәстүрге негіздеп жүргізесің бе?». Солай жасаймын!. «Батыс-шығыс, жан-жақтан ентелеп келіп жатқан, орыс-қытай-еврей басқаншыларына тосқауыл қоя аласың ба?». Тас-талқанын шығарам!. «Күллі мемлекетті жайлап алған парақорлық пен жемқорлықты тиясың ба». Бәрін атып тастаймын!. «Шетелдегі қазақтарды түп қопарып көшіріп келесің бе». Қойдай қаптатам!. «Кадр мәселесіндегі тамыр-таныстыққа балта шабасың ғой?». Балтаға қанжарды қосып шабамын!.. Қос танауым жайынның желбезегіндей желіп-желіп етеді: «Бөке мен министр болам!». Менің қайтпас қайсарлығыма тәнті болған Бөкенбай құрдас басын шайқап көп ойланды да, оп-оңай, жеп-жеңіл тіл қатып, «бола ғой» деп лып еткізді. Болды, бітті, Бөкең батасын берді. Үлк-е-н үйдің ішіндегі, темір адамдарға келіп құжат тапсырдым. Менен басқа тағы бірнеше адам құжат өткізіпті. Бұларда тегі ми жоқ шығар, мен тұрғанда… (кеудемді керіп, арқаның саумал ауасын қарпа жұтып кеңк-кеңк күліп алдым). Сөйтіп, тест тапсыратын болдық. Дамыған неотехнологияның заманы. Бізден тест қабылдайтын адам емес, бір кісі еркін өтетіндей ядролық сигналмен жабдықталған есік тәрізді электронды аппарат. Электронды есіктен «Аллаһу акпар» деп аттап кеттім. Сигнал шар ете қалды. Бақылаушылар (темір каска киген) жетіп келді. «Сізден вирус табылды?». Қандай? «Қазір анықтаймыз!». Вирус анықталды. Мен жұрттың бәріне қазақша сөйлеуді мәжбүрлейді екем. Ондай вирусы бар адамды электронды есік өткізбейді. Қантамырымдағы вирусты жойғызбай болмайды. Жарайды, көндім. Алдымен министр болып алайыншы… Дәрі құйып берді. Вирус жойылды. Шалқалап кеп әлгі есіктен тағы өттім. Сигнал манағыдан да қатты шар етті. Бұл жолы аппарат, «Ұрпақ тәрбиесін ұлттық ұғым, салт-дәстүрге негіздеп жүргізбек екен» дейтін күшті вирусты ұстапты. Бұлай жүруге болмайды өміріңізге қауіпті, әрі мынадай вируспен министр бола алмайсыз деген соң, амалсыз ота жасатып оны алдырып тастадым. Электронды есік енді немді ұстайды екен… Алшаң басып кеп, есіктен үшінші рет өте шықтым. Сигнал өз алдында бақырып жатыр… менің жаңа вирусыма шыдамай есіктің маңдайындағы қызыл шам қиқулап тұр (жол полициясының машинасы сияқты). Қолма-қол «ауру» анықталды. Менің жүрегімде, «Жан-жақтан ентелеп келіп жатқан, орыс-қытай-еврей басқаншыларына тосқауыл қоям» деген жаман ой жүріпті. Бақылаушылар бұл жолы менен сұрап жатпай-ақ күшпен емханаға апарып төсекке таңды да, «дертті» сылып тастады. Үш күн дегенде зорға басымды көтердім. Көмекшім қолтығымнан демеп «вирус» анықтайтын электронды есікке тағы алып келді. Қабағымды қарс түйіп өте шықтым. Бақылаушылар мына бейбақ, «жемқорлықпен күреспек екен» деп күліп тұр. Мен айғай салдым: «Тест нәтижесін құпия сақтаймын дегендерің қайда… неге заңды сыйламайсыңдар». Каска киген темір адамдар, сұқ саусағын шошайтып жоғары жақты көрсетті. Ым… Қысқасы тағы емделдім және бұл вирусты қайдан жұқтырғаным жайлы прокурорға қысқаша түсініктеме жазып беріп әрең құтылдым. Хош… енді вирус жоқ шығар деген нық сеніммен электронды есікке келдім. Адымдай аттадым. Есік шар ете қалды. Ойбай мынау, «Шетелдегі қазақтарды түп қопарып көшіріп әкелмекші» деп, бақылаушылар дір-дір етеді. Электронды есік олардан бетер селк-селк… сынып кетейін деп тұр. Құрысын. Тағы барып емделдім. Мынадай болғанда қиын екен.. ә. Бәсе, екінің бірі неге министр болмайды деп ойлаушы едім. Таудан-тастан қайтпаған қайсар рухым қайырыла бастады. Бұрынғы арын жоқ, имене басып, иіліп-бүгіліп есіктен тағы да өттім. Тура баяғыдай, қызыл жарық ысқырып, жер дүние теңселіп кетті. Бұл жолы, «кадр мәселесіндегі рулық-жүздік, тамыр-таныстықты жою туралы» мидағы құпия жоспарым әшкереленді. Ол рас, бірден мойындадым. Емханаға бармай-ақ мидағы жаман ойымды өзім жұлып алып, басымнан үш айналдырып лақтырып жібердім. Бақылаушылар маған мейірлене қарап (вирустан тазарғаным үшін) соңғы мүмкіндігіңіз, қапы жібермеңіз өтіңіз, деп бұйырды. Құйрығын бұтына қысқан жетім күшік сияқты әркімге бір жалтақтап-жарымсақтап еңбектеп өте шықтым. Бақылаушылардың темір кескіні жұмсарып барлығы хормен үш дүркін «уралап» маған ерекше құрмет көрсетті. Электронды есік жым-жырт, қызыл жарық өшіпті, оның орнында жап-жасыл шырақ жанып тұр. Жол бос, министр болдыңыз!!! Әп-сәтте жоғары жақтан құттықтаған жедел хат кеп түсті. «Министр болуыңызбен» депті. Жылағым келді, бірақ көзімнен жас шықпады. Кемсеңдедім. Қасымдағылар қуаныштан болар деп топшылады. Көз алдыма көлбеңдеп Бөкенбай келе қалды. Ақсиып күліп тұр. «Министр болған қалай екен?» деді. Мен: «Бұйтіп министр болғаның құрысын». Бәсе, не бір ұлтжанды азаматтар министр болған соң майдай еріп, қойдай жуасып қалатыны неден деп ойлаушы едім, аппараттан өтеді екен ғой. Қазақтың қамы үшін ойлаған жақсы ой мен ізгі ниеті сүзіп ұстап қалатын мына аппаратты кім ойлап шығарды екен. Түсінсем бұйырмасын. Бойымда қазақылықтан жұқана жоқ қалай министр болмақпын. Қызық ә! Авторы: Бекен Қайратұлы Материал "Намыс.кз". сайтынан алынды

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін