Жарияланды: 340

Қазақстанда саяси мемқызметкерлердің саны 6,5 есе қысқарады

Қазақстанда саяси мемлекеттік қызметкерлердің саны 3277-ден 538 адамға дейін, яғни 6,5 есеге қысқартылады.

Бұл туралы бүгін Астанада «Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау» атты II халықаралық конференция барысында ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бауыржан Байбек мәлім етті. «Дәл сол алдыңғы қатарлы қызметкерлер арқылы елдің тиімді саясаты жүргізілетін болады. Ең негізгі де тұтқалы орындар, яғни «А корпусындағы» аса жоғары кәсіби 500 менеджер Конституцияның нақты талаптарын ұстана отырып, еселі реформалардың орындаушыларына айналады», - деді Б.Байбек. Оның айтуынша, осыған орай олардың кәсібилігіне үлкен талаптар қойылатын болады. «Саяси тағайындалғандар еліміздің мемлекеттік қызметінде өте аз болады. «А корпусы» бетке ұстар, ең таңдаулы басқарушы топ өкілдері ретінде қатаң іріктеуден өткізіліп тұрады. ҚР Президенті жанынан ұлттық комиссия құрылады. Оған енген ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысы, оның орынбасары, ҚР Премьер-Министрі, ҚР Парламенті Мәжілісі мен Сенатының вице-спикерлері елдің кадрлық резервін жасақтауға құзырлық етеді. Ол резервтен «А корпусына» лайықты қызметкерлер таңдалады», - деп атап өтті ол. «А корпусына» - жоғары әкімшілік тұлғалар, мемлекеттік органдардың жауапты хатшылары, комитет басшылары, қала және аудан әкімдері енсе, саяси тұлғаларға - жоғары буындағы басшылар, министр, вице-министр, облыс деңгейіндегі әкімдер мен әкім орынбасарлары, облыс орталығының әкімі жатады. «А корпусы» бұл - аппарат басшылығы. Олардың жалақылары жеке сектордағы жалақы деңгейіне дейін жоғарылатылады. Тиісінше бонустық жүйе болады. ҚР Үкіметінде бұл мәселе қаралып жатыр. «А корпусындағы» саяси қызметке тек ҚР Президентінің шешімімен ғана тағайындалады. Егер бүгін министр орнынан кетсе, келесіде ол «А корпусына» тек байқау негізінде ғана қайта ене алады. Осыған орай мансаптық жоспарлау жасалып тұрмақ. Егер ол жемқорлыққа қатысы бар болып шықса, кейін ол бұл корпусқа қайтып кіре алмайды», - деп түйіндеді сөзін Б.Байбек.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін