Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі іс-әрекеттердің жалпыұлттық жоспары қабылданады - Назарбаев
Астана. 6 қараша. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі іс-әрекеттердің жалпыұлттық жоспары қабылданады. Бұл туралы бүгін Астанада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы форумның отырысында мәлім етті, деп хабарлайды агенттік тілшісі. |
"Бүгін мен Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі іс-әрекеттердің жалпыұлттық жоспары қабылданатынын мәлімдеймін",- деді Нұрсұлтан Назарбаев. Оның айтуынша, жалпы алғанда Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасы ТМД аясындағы әріптестер үшін модельдік заңнамаға айналды.
"Нұр Отан" партиясы жүргізіп отырған ауқымды жұмыстарды атап өтпей кете алмаймын", -деді президент.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес стратегиясын жүзеге асырудың бір маңызды құралы - президенттің жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері жөніндегі комиссия болмақ. "Ал аймақтық деңгейде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің жанындағы облыстық тәртіптік кеңестер жүргізуге міндетті", - деді Н. Назарбаев.
Алайда, мемлекет басшысының атап өткеніндей, "сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйе толыққанды әрі жоғары деңгейде тиімді жұмыс істеп жатыр деп айтуға әзір келмейді. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарының статистикасы өсе түсуде", -деді президент.
"Мұндай жағдаймен біз мүлдем келісе алмаймыз. Жемқорлық мемлекеттің дамуын, оның экономикалық өсімі мен саяси тұрақтылығын тежеп отыр. Біз онымен аяусыз күрес жүргізетін боламыз", - деді Н. Назарбаев.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін