Жарияланды: 2900

“Қазақстандағы орыстарды қайтару керек. Біз азайып барамыз…”. Сарапшы дабыл қақты

“Қазақстандағы орыстарды қайтару керек. Біз азайып барамыз…”. Сарапшы дабыл қақты Сурет - Антимайдан

"Қазақстанда өмір сүретін миллиондаған орысты неге ұмыттық? Олар қорғаусыз, қорғансыз қалмауы керек", - дейді сарапшы.

Қоғамның қазақыланып жатқаны әліге дейін империялық өлшеммен ойлайтын ресейшіл, путиншіл сарапшылардың шамына тиюде деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Dalanews.kz-ке сілтеме жасап. 

Саясаттанушы Сергей Марданның айтуынша Қазақстандағы орыстарды отанына қайтару керек. Ресейлік “Взгляд” басылымында “Верните русских!” атты мақала жариялаған сарапшы бұл мәселеге Путиннің назар аударуын өтініпті.

Автор Қазақстанның тәжірибесіне сүйене отырып, Қазақстандағы орыстарды елге қайтару керектігін қозғайды.

“Ресей 30 жыл бойы өз бағытын таба алмауда. Кеңес одағы ыдырауымен, Ресей де бөлшектеліп қалғандай. Иә, Қырыммен бәрі түсінікті. Қалған жерлер ше? Одесса, Херсон, Днепропетровск? Бұл енді Ресей емес пе?

Солтүстік Қазақстанды қайда қалдырамыз? Казактардың қаласы атанған Гурьев (Атырауды айтып тұр, ред.) ше? Оны қалайша ұмыт қалдырдық? Әлде мұны уақыттың еншісіне қалдырамыз ба?

Орта Азия, соның ішінде Қазақстанда өмір сүретін миллиондаған орысты неге ұмыттық? Олар қорғаусыз, қорғансыз қалмауы керек…”, – дейді пропагандист.

Оның айтуынша 1991 жылы күллі әлемге Қызыл империя атты атаумен әйгілі КСРО орыс халқының еркінен тыс ыдырап кеткен. Орыстар КСРО ыдырағанымен қарым-қатынас жасауға шектеу болмайды, шекара ашық болады деп ойлаған-мыс.

“Алайда уақыт өте келе, өз еншісін алып, одақтан кеткен мемлекеттер бізге суи бастады. Орыстар Қазақстанда бөтеннің күйін кешуде. Шетте жүрген қандастарды қайтаратын кез келді.

Кейбіреулер КСРО-ны немесе Ресей империясын қайта құру туралы айтуда. Бірақ өзімізге шынайы тұрғыда қарайықшы: бұрынғы империяны қалпына келтірерлік қауқарымыз жоқ! Неге?

Себебі, азбыз! Орыс халқы дәл қазір демографиялық дағдарыста.

Жеріміз жартылай бос жатыр. Сол үшін де басқа елде жүрген қаны бір, жаны бір жерлестердің қолдауы әрі күші керек” деп, ұланғайыр аумаққа ие болу үшін Қазақстандағы орыстарды Ресейге шақыруды үндепті.

Сарапшының айтуынша алыс-жақындағы орысты атажұртына қайтару үшін Қазақстанның тәжірибесіне жүгіну қажет. Себебі ресейлік төлқұжат алғысы келетін қазақстандық орыстар бюрократияның бірнеше сатысынан өтуге мәжбүр.

“Атажұртына оралғысы бар орыс Ресейдің азаматтығын алу үшін неліктен қиындықтарға тап болуы керек. Қаны орыс па, неге бірден берілмейді? Кремль Қазақстанның әдіс-тәсілінен үлгі алуы тиіс.

Орта Азиядағы, оның ішінде Қазақстандағы орыстарды елге шақырмасақ ертең қатарымыз селдіреп қалады. Бұл мемлекетті, ұлтты сақтау үшін аса қажет” дейді Марданов.

Саясаттанушының пікірінше қазақ халқы Қазақстанды гүлдендіріп, өркениетті көрсеткен орыс халқына алғыс айтуы қажет.

“Қазақстандағы ұлтшылдар сталиндік депортацияны ұлттық трагедия деп санайды. Бірақ Орта Азияның шөлдерін гүлденген баққа айналдырып, қала салуды үйреткен орыстарға алғыс айтуды ұмытып кетеді.

Осы елдің Білім министрлігі мектептерде оқушыларға Ресейдің қанаушы, отарлаушы екенін және жүздеген жылдар бойы орыс қамытының астында өмір сүргенін үйретуде. Біз бұған да көндік. Бізді жек көретін, бізден қаймығатын елден “бауырластық” қарым-қатынасты күтуді доғарғанымыз жөн!

Тарихта ортақ дүниеміз бар екенін, Ресейдің өркениет алып келгенін, ал орыс тілі – еуропалық мәдениеттің тілі екенін айтып, ендігі жерде ешкімге ештеңені дәлелдеудің қажеті жоқ.

Дәл қазір Қазақстандағы орыстарды бір шаңырақтың астына топтастыру маңызды. Өйткені олардың өрісі тарылып жатыр. Орыстілді кеңістік қысымға ұшырауда”, – дейді пропагандист.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін