Бұл пікірді бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловпен кездескен Өзбекстан ОСК төрағасы Мирза-Улугбек Абдусаломов білдірді.
«Қазақ халқы үшін барынша маңызды саяси шараға шақырғандарыңыз үшін ризашылығымызды білдіреміз. Бұл зор мереке десек те болады. Өйткені, алдағы жексенбі күні қазақ халқы өзінің 5 жылдағы болашағын айқындайтын болады. Біз сайлау әдеттегідей жоғары демократиялық деңгейде өтетіндігіне сенімдіміз», — деді.
Өз кезегінде Қ.Тұрғанққұлов өзбекстандық әріптесін Парламент және Президент сайлауын табысты өткізулерімен құттықтап, 26 сәуірде өтетін еліміздегі кезектен тыс президенттік сайлау жайында тарқата айтып берді.
«Біздің сайлау науқанымыз соңғы мәресіне жақындап қалды. Осы уақытқа дейін біз үш кезеңді атқардық, оның барлығы да табысты өтті. Әзірше, айтарлықтай шағым жоқ. Мәселен, бүгінгі күні 97 үндеу келіп түсті. Олардың 47-і ғана сайлау процесіне байланысты. Оның өзінде де олар заңның ережесін түсіндіруге қатысты. Яғни, қатысушылардың конституциялық құқығына, сайлау процесіне қайшы келетіндей айтарлықтай бұзушылықтар орын алмады», — деді Қ.Тұрғанқұлов.