Қазақстандағы ВИЧ індетіне шалдыққандардың нақты саны 35 мың адамды құрайды- сарапшылар - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстандағы ВИЧ індетіне шалдыққандардың нақты саны 35 мың адамды құрайды- сарапшылар

Қазақстандағы ВИЧ індетіне шалдыққандардың нақты саны 35 мың адамды құрайды- сарапшылар

Қазақстандағы ВИЧ індетіне шалдыққандардың нақты саны 35 мың адамды құрайды. Бұл туралы мәліметтер СПИД-ке қарсы күрес және оның алдын алу жөніндегі Республикалық орталықтың бас директоры Исидора Ерасылованың Бүкіләлемдік СПИД-ке қарсы күрес күніне орай жарияланған арнаулы бюллетеньде жарық көрген мақаласында келтірілген,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

  • 1 Желтоқсан 2003
  • 2789
Фото - Caravan.kz

И.Ерасылованың атап көрсетуінше, республикамызда «ВИЧ-індетіне төтеп бере алған бірде-бір облыс қалмай отыр». Елімізде ВИЧ/СПИД індеті негізінен (барлық жағдайдың 83 проценттен астамы) ине арқылы жұғуда. Індетті жұқтырғандардың 65 проценттен астамы жастар.

Мамандардың атап көрсетуінше, еліміз бойынша індеттің таралу ошағы Павлодар облысы болмақ. Мұнда әрбір 100 мың тұрғынға шаққанда індетті жұқтыру жағдайы 101,2 -ні құрайды. Бұдан кейінгі орындарда Қарағанды (100 мың адамға шаққанда 95,4 жағдай), Қостанай (әрбір 10 мың адамға шаққанда 26 жағдай) облыстары мен Алматы (25,8 жағдай) келеді. Ал республикамыз бойынша ВИЧ індетін жұқтырғандар санымен Теміртау қаласы басқалардан қара үзіп алда келеді. Мұнда аурудың таралу көрсеткіші әрбір 100 мың адамға шаққанда 635 жағдайды құрайды. Республика бойынша ВИЧ/СПИД індетін жұқтырғандардың 29,5 процентін Теміртаулықтар иеленеді.
Бүкіләлемдік СПИД-пен күрес күні дүниежүзінде осымен он бесінші мәрте өткізіліп отыр. БҰҰ-ның бас хатшысы осыған байланысты арнаулы мәлімдеме қабылдады. Онда осыдан екі жыл бұрын әлем елдері ВИЧ және СПИД індетімен күресу үшін нақты шаралар, ресурстар мен міндеттемелер қажеттігін мойындағандығы айтылған. «Қазір біз міндеттеме жүктеп отырмыз, ресурстарымыз барған сайын арта түсуде, алайда соған лайықты шаралар әлі де қолданылмай келеді»,- делінген мәлімдемеде.
«Эпидемия өзінің әлемге өлім сепкен жорығын одан әрі жалғастыра түсті. Оның таралуына тосқауыл боларлық нышан мүлдем байқалмайды. Соңғы бір жылда күн сайын әрбір минутта індет жұқтырғандар саны 10 адамға арта түсті. Кейінгі кездері ауру шеңгеліне іліге қоймаған аймақтар- Шығыс Еуропа мен Оралдан бастап Тынық мұхитына дейінгі Азияның барлық елдерінде індет тарала түсуде».
К.Аннан осы орайда, «декларацияда биылғы жылы алға қойылған мақсат-міндеттердің кейбірі орындалмай қалды» деп өкініш білдіреді. 2005-жылы дегенде біз ВИЧ індетіне шалдыққан жастар санын 25 процентке, жас нәрестелердің індетке шалдығу көрсеткішін екі есе азайтып, дәрігерлік көмек жөніндегі жалпыхалықтық бағдарламаны жаппай қолданысқа енгізуді қамтамасыз етуге тиіспіз. Қазіргі қарқын сақталған жағдайда 2005-жылы біз бұл мақсаттардың біреуіне де қол жеткізе алмайтынымыз анық, дейді К.Аннан.
«Бүкіләлемдік СПИД-пен күрес күнінде мен ВИЧ/СПИД проблемасы туралы кеңінен әңгіме өрбітуге шақырамын»,- дейді БҰҰ-ның бас хатшысы. Сөз соңында ол жер бетіндегі барлық адамдарды «үндеместік ойынынан» бас тартып, аталмыш індетпен ілесе келген алалаушылық оқиғасына тосқауыл қоюға шақырды.
Бүгін еліміздің барлық аймақтарында ВИЧ/СПИД-ке қарсы күрес және оның алдын алуға арналған кездесулер, семинарлар, тренингтер мен дөңгелек үстелдер өткізілуде.

Соңғы жаңалықтар