Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар - kaz.caravan.kz
  • $ 486.47
  • 554.77
+29 °C
Алматы
2026 Жыл
29 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Осы апта ішінде еліміздің орталық атқарушы органдарында айтарлықтай кадрлық ауыс-түйіс орын ала қойған жоқ. Дегенмен, жергілікті билікте біреулер қызметімен қош айтысса, ал енді бір шенеуніктер жаңа қызметке кірісіп те кетті. ҚазАқпарат осы апта ішінде орын алған кадрлық өзгерістерге шолу жасайды.

  • 8 Маусым 2014
  • 591
Фото - Caravan.kz

Қазақстандық дипломат Мәдина Бейнешқызы Жарбосынова ЕҚЫҰ Адам саудасына қарсы арнайы өкілі лауазымына тағайындалды. Мәдина Жарбосынова — кәсіби дипломат, Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде алғашқы күндерден-ақ жұмыс жасап, түрлі жоғары лауазымдарда қызмет атқарды. 1998-1999 жылдары ол вице-министр қызметінде болып, кейін төрт жыл бойы Нью-Йорктегі БҰҰ маңындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі мен Кубадағы ҚР Елшісі болып қызмет етті. Қазақстанға оралғаннан кейін СІМ Ерекше тапсырмалар бойынша елшісі қызметіне тағайындалып, адам құқықтары мен адами өлшемдер мәселелерімен айналысты.

Айтпақшы, өткен аптада облыс әкімі қызметінен босатылған Ақмола облысының әкімі Өңірлік даму вице-министрі қызметіне тағайындалған болатын. Сонымен ҚР Үкіметінің Қаулысымен Қосман Қайыртайұлы Айтмұхаметов Өңірлік даму вице-министрі лауазымына тағайындалды. Қ.Қайыртайұлы Айтмұхаметов 1963 жылы 29 тамызда Целиноград облысында дүниеге келген. Ақмола инженерлік-құрылыс институтын, Қазақ гуманитарлық-заң университетін бітірген. Еңбек жолын 1983 жылы Ақмола облысында «Изобильный» кеңшарында бастаған ол әр жылдары Бестөбе кенішінде, Астана қаласы байланыс көлік базасының директоры, «Қалалық коммуналдық шаруашылық» МКК басшысының орынбасары және директоры, «Кредит Құрылыс НС» ЖШС директорының орынбасары қызметтерінде жұмыс атқарды. 2009-2013 жылдар аралығында Ақмола облысы әкімінің орынбасары болды. Ал 2013-2014 жылдары Ақмола облысының әкімі қызметін атқарды.

Ал Қ.Айтмұхамбетовтің орнына Ақмола облысының әкімі болып келген Сергей Кулагин Көкшетау қаласының әкімі қызметіне Жомарт Нұрғалиевті қойды. Жомарт Мирасұлы Нұрғалиев 1958 жылы дүниеге келген. Қостанай педагогика институтын бітірген. Қостанай облысының комсомол, партия және мемлекеттік органдарында әр түрлі басшылық қызметте істеді. 2012 жылғы 13 ақпаннан бастап бүгінгі күнге дейін Қостанай облысы Әулиекөл ауданының әкімі қызметін істеді. «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапталған.

Сонымен қатар осы облысқа қарасты Бұланды ауданының жаңа әкімі тағайындалды. Бұл қызметке 44 жастағы Еспергенов Қуандық Хайдарұлы келді. Рудный индустриалды институтын, Қостанай әлеуметтік академиясын тәмамдаған. Еңбек жолын 1978 жылғы Жітіқара ауданы Дзержинский атындағы кеңшарда механикалық тоқ жұмысшысы болып бастады. 1988 жылғы қараша мен 1990 жылғы қараша аралығында Кеңес әскерінің қатарында әскери борышын өтеді. 1996 жылғы қыркүйек айы мен 1997 жылғы тамыз айының аралығы кезеңінде Жітіқара қаласында халық шаруашылығы нысандарының қызметін үйлестіру басқармасында бас маман лауазымын атқарды. 1997 жылғы тамыз айынан бастап 1998 жылғы мамыр аралығында — Жітіқара аудандық пошта байланысы торабының бастығы, 1998 жылғы мамыр-желтоқсан аралығы кезеңінде — Жітіқара ауданы әкімінің орынбасары, 1999 жылғы маусым мен 2002 жылғы маусым аралығында — «Жітіқара политехникалық колледжі» МКҚК коммерциялық директоры, 2002 жылғы маусым-шілде айларында Жітіқара ауданы Чайковский ауылдық округі әкімнің міндетін атқарушы және әкім лауазымында болды. 2002 жылы шілде мен 2008 жылғы қараша аралығы кезеңінде Жітіқара ауданы әкімінің орынбасары, 2008 жылғы қараша мен 2013 жылғы маусым аралығында Жетіқара ауданының әкімі болып жұмыс істеді. 2014 жылғы қаңтар айынан бастап осы уақытқа дейін Қостанай облысы Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының лауазымын атқарды. «Құрмет» орденімен, «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталған.

Қызылорда облыс әкімінің өкімімен Дәуірбек Кеңесұлы Әбуов міндетті арнайы тексеру нәтижесі келгенге дейін Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды. Дәуірбек Кеңесұлы 1970 жылы дүниеге келген. Мәскеу мемлекеттік агроинженерлер университетін, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде ұстаздық қызметтен бастаған. 1996-1999 жылдары Бюджеттік банктің облыстық басқармасында экономист, облыстық қазынашылық басқармасында аға қазынашы, сектор меңгерушісі, бөлім бастығының орынбасары, 1999-2000 жылдары Республикалық пошта байланысы мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалы директорының орынбасары, 2000-2004 жылдары облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары, 2004-2008 жылдары облыстық ауыл шаруашылығы департаментінің директоры, 2008-2010 жылдары «Оңтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ облыстағы өкілдігінің директоры, басқарма мүшесі, 2011-2012 жылдары «Оңтүстік» қаржы компаниясы» АҚ вице-президенті болса, 2012 жылдың ақпан айынан бастап осы акционерлік қоғамның басқарма төрағасы лауазымында қызмет атқарған.

Осы облыстың орталығы Қызылорда қаласы әкімінің өкімімен Сүлейменов Дәулет Бекболатұлы қала әкімінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Дәулет Бекболатұлы 1960 жылы 5 мамырда дүниеге келген. Қарағанды политехникалық институтын, Болашақ университетін бітірген.1983-2013 жылдары ішкі істер органдарында басшылық қызметтер атқарған.

Осы аптада Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев облыстық басқармалардың екі жаңа басшысын таныстырды. Облыс басшысының өкімімен кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының басшысы болып Александр Бабенко тағайындалды. Ол Павлодар облысының тумасы, білімі жоғары, Қарағанды КСРО ІІМ Жоғары мектебін және Ресей Федерациясы Үкіметінің жанындағы Халық шаруашылығы академиясын тәмамдаған. Еңбек жолын ҚР ІІМ қызметінен бастады. 20 жылдан астам кәсіпкерлік және бизнес саласында еңбек етті. А.Бабенко — Инновациялық еуразиялық университетінің профессоры. Тағайындауға дейін облыстың Кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасы басшысы орынбасарының лауазымын атқарған.

Өңір басшысының өкімі бойынша Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы болып Андрей Балашев тағайындалды. Бұдан бұрын ол Павлодар қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімін басқарған. А.Балашев 1981 жылы Павлодар облысында туған. Білімі жоғары, 2003 жылы инженер-құрылысшы мамандығы бойынша С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін үздік аяқтаған. Еңбек жолын «Архпроект-Т» ЖШС-да жобалаушы болып бастады. Содан кейін облыстың Сәулет және қала құрылысы басқармасы бөлімінің бас маманы, бастығы, Павлодар қаласының бас сәулетшісі міндеттерін атқарды.

Қанат Бозымбаевтың өкімімен облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары болып Ағыбай Әмрин тағайындалды, ол бұдан бұрын облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы лауазымында болған.


ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен, Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың қаулысымен Ақсу қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясының барысында Ақсу қаласының жаңа әкімі болып Қайрат Нүкенов тағайындалды. Қайрат Теміршотұлы 1970 жылдың 15 қыркүйегінде Павлодар облысының Железинский ауданының Захаровка ауылында дүниеге келген. Жоғары білімі бар. Сібір мемлекеттік автомобиль-жол академиясын, П.А.Столыпин атындағы Омбы мемлекеттік аграрлық университетін бітірген, экономист және ғалым-агроном біліктіліктеріне ие. Қ.Нүкеновтің шағын және орта бизнес кәсіпорындарында шаруашылық және басқарушылық жұмыстарда, мемлекеттік басқару органдарындағы тәжірибесі мол. Ол еңбек жолын Железинский ауданының «Железинский» кеңшарының №2 бөлімінде жұмысшы болып бастады. 1992 жылдан шағын және орта бизнес кәсіпорындарын басқарды. 2012 жылы Павлодар облысының Железинский ауданының әкімі болды. Тағайындауға дейін Павлодар облысының кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының басшысы қызметінде болды.

Сонымен бірге, ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен Павлодар облысы әкімінің бұйрығымен Май және Ақтоғай аудандарының жаңа әкімдері тағайындалды.
Май ауданының әкімі болып Бегзия Зейноллақызы Ысқақова тағайындалды. Бегзия Зейноллақызы 1961 жылы 4 ақпанда Ресей Федерациясының Нововаршавский ауданының Ермак ауылында туған. 1985 жылы Павлодар педагогикалық институтын бітірген. Еңбек жолын Павлодар облысының Красноутский мектеп-интернатының тәрбиешісі болып бастады. 1987-2002 жылдар аралығында Красноутский ауданының білім беру саласында жұмыс істеді: Шідерті орта мектебі директорының орынбасары, Ақтоғай орта мектебінің орыс тілі және әдебиеті мұғалімі, Абай атындағы орта мектептің директоры болды. 2002 жылдан мемлекеттік қызметте: Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары, Ақтоғай ауданының білім беру бөлімінің бастығы болды. Тағайындауға дейін Ақсу қаласы әкімінің орынбасары қызметінде болды.

Ал Ақтоғай ауданының әкімі болып Серік Барлыбайұлы Батырғожинов тағайындалды. С.Батырғожинов 1964 жылы Павлодар облысының Ертіс ауданының Котельниково ауылында дүниеге келген. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын, Қазақ гуманитарлық заң университетін бітірді. Еңбек жолын 1982 жылы Голубовкий кеңшарының №1 бөлімінде шопан көмекшісі болып бастады, кейін Голубовкий кеңшарының бас агрономы болды. Сонымен бірге «Беловодский ХПП» АҚ, «Сембат» ЖШС, «Иса Байзақов атындағы» ЖШС, «Алтыншы ауыл» тауарөндірушілер қауымдастығы» ЖШС басқарушы қызметтерді атқарды. Қашыр ауданы әкімінің бірінші орынбасары, ауданның ауыл шаруашылығы департаментінің басшысы, кейін Қашыр ауданының әкімі болды. Тағайындауға дейін Ертіс ауданы әкімінің орынбасары қызметінде болды.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Батырбек Көшербай облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы лауазымынан босатылып, Бәйдібек ауданының әкімі болып тағайындалды.

Батырбек Көшербай 1967 жылы туған, білімі жоғары, мамандығы — экономист-бухгалтер, заңгер. Еңбек жолын 1985 жылы Леңгір ауданы Георгиевка шаруашылық есептегі дүкенінің бухгалтерінен бастаған. 1988-2011 жылдары Леңгір ауданы Георгиевка ауылдық тұтыну қоғамының бухгалтері, бас бухгалтері, Оңтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік қаржы бақылау комитеті Төлеби аудандық басқармасының бас бақылаушы-ревизоры, бөлімінің бақылаушы-ревизоры, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне қарасты қаржы-валюталық бақылау комитетінің Төле би аудандық бөлімі бастығының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер және салық полициясы, Мемлекеттік тергеу Комитеті органдар қатарында қызмет, Қазақстан Республикасы мемлекеттік кіріс министрлігі Төле би аудандық салық комитетінің төрағасы, ҚР Қаржы министрлігі Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас аудандық салық комитетінің төрағасы, салық комитеті төрағасының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданының әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. 2011 жылдың желтоқсан айынан бастап осы кезге дейін Оңтүстік Қазақстан облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болып еңбек етті.

Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің бұйрығымен Берік Қамалиев «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды. Берік Қамалиев 1960 жылы 13 қарашада Қарағанды облысында туған. Қарағанды политехникалық институтын, Қарағанды мемлекеттік университетін, сондай-ақ Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясын бітірген. Еңбек қызметін әскери бөлімнің құрылыс-монтаждық учаскенің прорабы болып бастаған, 1990 жылдары жеке бизнесте, бірқатар компанияларды басқарған. «Қазагропромтехника» облыстық бірлестігі төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған, 2001-2004 жылдар аралығында Қарағанды автомобиль жолдары облыстық басқармасының бастығы, ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Көліктік инфрақұрылымды дамыту комитеті басшысының лауазымдарын атқарған. 2006 жылы Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, одан кейін Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалған. 2009 жылдың басынан бастап «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқармасының төрағасы қызметінде болды. 2010 жылғы сәуірде ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі, 2011 жылдың сәуірінен бастап ҚР Көлік және коммуникация министрі болып қызмет етсе, 2012 жылдан бастап ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі болып тағайындалған. Экономика ғылымдары кандидаты ғылыми дәрежесіне ие. Бірқатар ғылыми басылымдардың авторы. «Құрмет» орденімен марапатталған.