Ж.Асановтың айтуынша, тізімдегі елдер бірнеше топқа бөлінген, соның ішінде Қазақстан үшінші топта. Бұл — бақылаудағы топ болғандықтан тым қауіпті топқа саналмайды. Осыған орай мамандар нақты шараларды жүзеге асыра бастады. Атап айтсақ, биылғы жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес, өркениетті елдер тарапынан санаткерлік меншік құқығын қорғау мәселесі бойынша Қазақстанға тағылып отырған айыптар мен талаптарды тыюға көмек болатын бірқатар заң жобаларын жасау көзделген.
Сондай-ақ, Ж.Асановтың айтуынша, қазір санаткерлік меншік саласында қолданыста жүрген негізгі 5 заңға, соның ішінде ең бастысы, авторлық құқықты қорғау жөніндегі заңға түзету енгізетін заң жобасы сенатта талқылануда. Атап айтсақ, Қазақстан заңнамаларында қолданылатын терминдер халықаралық құқық талаптарына, сондай-ақ, Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүшелікке өткен барлық елдерде қолданылатын санаткерлік меншік құқығының сауда-саттық аспектілері жөніндегі келісім талаптарына сәйкестендірілмек.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қазақстан халықаралық ұйымдардың нұсқауы бойынша «қарақшылық» дендеп бара жатқан ел ретінде «Арнаулы шолу-301» атты қара тізімге енгізілген болатын. Тізімге енгізілген мемлекеттерде қарақшылықпен күрес шаралары осал деп танылады.
Бұл тізімге қамтылу салдарынан Қазақстанға қарсы 2002-жылғы Украинадағы секілді экономикалық санкциялар қолданылуы мүмкін. Бұл елге қарсы металл, аяқ киім және басқа да импорттық тауар түрлері бойынша жалпы көлемі 75 млн. долларды құрайтын тыйым тарифі қолданылды. Сарапшылардың бағалауынша, Украиндық кәсіпорындар мен республикалық бюджет аталмыш шаралардың кесірінен 700 млн. доллар шығынға душар болды.