Жарияланды: 650

Қазақстандық кәсіпорындар мен ұйымдар ядролық технологияларға қатысты мәліметтерді ешкімге бергелі отырған жоқ - ҚР ҰҚК-нің төрағасы

"Қазақстандық кәсіпорындар мен ұйымдар ядролық технологияларға қатысты мәліметтерді үшінші бір елге беру туралы келіссөздер жүргізіп көрген емес, әрі ондай ниеті де жоқ". Бұл туралы бүгін, 20-мамырда ҚР ҰҚК-нің төрағасы Нартай Дүтбаев мәлімдеді. Ол "Үлкен сегіздік" елдері, Еуропалық Одақ, Солтүстік Атлантикалық Альянс, ТМД және Шанхай ынтымақтастығы ұйымының арнаулы қызметтері, қауіпсіздік және құқық қорғау мекемелері басшыларының бүгін Сочиде

басталған үшінші кеңесінде баяндама жасаған болатын. Бұл туралы KZ-today тілшісіне ҚР ҰҚК-нің баспасөз орталығынан хабарлады. ҚР ҰҚК төрағасының хабарлауынша, Қазақстанда "Атом энергиясын пайдалану туралы" және "Экспорттық бақылау туралы" заңдар күшіне енді. Бұл заңдардың көмегімен ядролық, радиоактивті және қос мақсатта қолданылатын материалдарға қатысты экспорттық-импорттық және басқа да заңсыз операцияларға жол бермеу және оларға бақылау қою тетіктері жүзеге асырылады. Қару-жарақ пен әскери техника, және оларды өндіруге қатысты шикізаттар, материалдар, құрал-жабдық пен технологиялар экспортын бақылаудың автоматтандырылған жүйесін қолданысқа енгізудің бірінші сатысы аяқталды. Барлық мүдделі мемлекеттік мекемелерді жүйеге біріктіру арқылы бұл процесстің ашықтығын қамтамасыз етуге және оны мейлінше тиімді бақылауға жағдай жасалады. Сондай-ақ, халықты жаппай қырып-жоюға арналған қаруды таратпаудың халықаралық ережесі талаптарына сай келетін бақылау мақсатындағы тізім қабылданды. Осының алдында ғана Сочиде ТМД елдерінің арнаулы қызметтері мен қауіпсіздік мекемелері басшылары кеңесінің 16-отырысы өтті. Кеңеске қатысушылар Достастық республикаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықаралық лаңкестікпен күресте осы елдер мүддесін қорғау саласында ТМД елдерінің арнаулы қызметтері мен қауіпсіздік органдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселесін талқылады. Атап айтсақ, отырыста халықаралық лаңкестік ұйымдардың мүшелерін әшкерелеу және олардың іс-қызметі мен қаржыландыру арналарына тосқауыл қою саласындағы өзара ықпалдастықты жетілдіруге бағытталған іс-шаралар жоспарланды. Осы мақсатпен лаңкестік әрекеттерге қатысы бар адамдардың дауыс фонотекасын құру көзделіп отыр. Бұл фонотека ТМД елдері арнаулы қызметтерінің Біріккен мәліметтер қорының құрамдас бөлігіне айналып, лаңкестік сипатта қоқан-лоққы жасаған лаңкестрдің аты-жөнін анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ТМД елдерінің арнаулы қызметтерінің басшылары есірткілік құралдар, психотроптық заттар мен прекурсорлардың үлгісін алмасу жөніндегі үкіметаралық келісімдердің жобасын дайындау барысымен танысты. Лаңкестік әрекеттерді зерттеу тетіктерін жетілдіру үшін Достастық атқару комитетіне ТМД елдерінде жасалған қару-жарақ түрлері, жарылғыш заттар мен оқ-дәрілерді таңбалаудың біртұтас ақпараттық жүйесін құру жөнінде ұсыныс енгізіледі. Ресей Федералық Қауіпсіздік Қызметінің өкілдері Ресейде лаңкестік немесе экстремистік ұйымдардың тізімін айқындауды заңдық реттеу тәртібі жүзеге асырылып жатқанынан хабардар етті. Іс-қызметі мемлекет аясындағы ұлттық және қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін лаңкестік, діни-экстремистік ұйымдардың осы тектес тізімін ҚР ҰҚК де дайындаған. Қазір бұл тізім парламенттің қарауын күтуде.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін