Жарияланды: 50

Қазақстандық құтқарушылар Ресейдегі «жер сілкінісінің» салдарын жоюда

Қазақстандық құтқарушылар Ресейдегі «жер сілкінісінің» салдарын жоюда

Қазақстан құтқарушылары Ресейдің Долин қаласындағы жер сілкінісінің салдарын жоюға арналған жаттығу жиынына қатысып жатыр.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ресейдің Ногинск құтқару орталығының аумағында ТМД елдері арасында «Жойқын жер сілкінісінің салдарын жою» тақырыбында оқу-жаттығу өтіп жатыр.

Жаттығудың шартты сценарийі бойынша: Қиыр Шығыс федералды округінің Сахалин облысында жер сілкінісі тіркелген. Апат ошағы – Долин қаласындағы тұрғын үйлер мен өндірістік нысандар, соның ішінде тыңайтқыш өндіретін зауыт қирап, өрт ошақтары пайда болған. Қаза болған адамдар да көп. Қираған ғимараттардың астында жүздеген адам болуы мүмкін. Осыған орай, Сахалин облысында төтенше жағдай режимі енгізілді.

Қазақстаннан жеткен жедел-құтқару жасағының 2 құтқару тобы мен кинологтар Долин қаласындағы химия зауытында жоғарғы қабаттардан зардап шеккендерді түсіріп, үйінділерде авариялық-құтқару жұмыстарын атқарды.

«Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары үйінді астынан шартты түрде зардап шеккендер мен көз жұмған адамдарды шығарып, медицина мамандарына тапсырды.

Зардап шеккендер мен мерт болған адамдарды іздестіруде «Чарли» және «Радж» есімді із кесуші иттердің көмегі көп тиді. Оқу-жаттығу жиыны кезінде қазақстандық құтқарушылар ТМД-дағы әріптестерімен тәжірибе алмасатын болады.

Жер сілкіністері шекаралас мемлекетердің аумағын қатар қамтитын кездер болып тұрады. Бұл жаттығудың маңыздылығы көрші елдердің құтқару қызметтерінің үйлесімді әрекетін қалыптастыруында», - дейді министрліктің ресми өкілі Талғат Уәли.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін