«Біз ондай ұнтақ деген нәрсені мүлдем білмейміз. Және ешқашан білмей өтеміз. Келесі жылы сүт өнімдерін тәулігіне 50 тоннаға жеткізуіміз қажет және оны тек Қазақстан аумағында сататын боламыз. Егер жасанды ұнтаққа көшсек, онда мал шаруашылығын дамытудың да қажеті жоқ. Мал өсіру — өте қиын шаруа. Бізде қазір 6 500 ірі қарамыз бар. Олардан алатын сүтіміз өзімізге толығымен жетеді. Сондықтан біз сүтімізге жасанды ұнтақ қосып, маркамызды жоғалтқымыз келмейді. Біз тұтынушыларымызды ешқашан алдаған емеспіз және сол дәстүрімізден бас тартпаймыз», — дейді Г. Зенченко.
И. Сауэр де осы мәселе бойынша өзінің ойын білдіріп, өзі басқаратын бірлестіктің жасанды ұнтақ қолданбайтынын алға тартты.
«Біздің зауыт салынған кезде күніне 50 тонна сүт өндіруге арналған болатын. Алайда қазір біз тек 38 тонна өндіріп отырмыз. Сол үшін Үкіметтен де ескертулер алдық. Жобалық қуаттылықты орындай алмай отырғандығымыздың себебі жоспар бойынша зауытқа Еуропадан асыл тұқымды ірі қаралар әкелінуі керек болатын. Алайда Еуропадан мал алуға тыйым салынып, ол сиырлар алынбай қалды. Ал біз жобалық қуатымызды ұнтақпен толықтыруға болар еді. Бірақ біз ондай қадамға бармадық. Біздің ұстаным, өніміміз аз болса да, сапалы болсын!» — дейді ол.