Жарияланды: 1400

Қазақстанның Даму банкі Азия және Мұхиттар аймағындағы қаржылық даму институттары Қауымдастығының (ADFIAP) директорлары кеңесіне мүшелікке қабылданды

Қыркүйектің 14-16-жұлдызында Монғолия астанасы-Ұлан-Батырда өткен жыл сайынғы 26-шы кездесуде Қазақстанның Даму банкі Азия және Мұхиттар аймағындағы қаржылық даму институттары Қауымдастығының (ADFIAP) директорлары кеңесіне мүшелікке қабылданды. Бұл туралы KZ-today тілшісіне Қазақстан Даму банкінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Кездесуге қатысушылар алдында сөз сөйлеген Қазақстан Даму банкінің президенті Қамбар Шалғымбаев : "бұл оқиға - халықаралық қаржылық қауымдастық тарапынан елімізге көрсетілген зор сенімнің нышаны",- деп атап көрсетті. Сондай-ақ , ол "Азия және Мұхиттар аймағындағы қаржылық даму институттары арасындағы стратегиялық тұрлаулы ынтымақтастықты дамытуға Қазақстан Даму банкі тарапынан мейлінше күш салынады",- деп атап өтті. Қазақстан Даму банкінің ADFIAP директорлары кеңесіне мүшелікке өтуі халықаралық қаржылық даму институттарымен бірлесе отырып тек банк үшін ғана емес, сондай-ақ, жалпы Қазақстан экономикасын дамытуда басымдық берілген маңызды жобаларды жүзеге асыруға түрткі болмақ. Халықаралық рынокқа шығуды мақсат тұтатын Қазақстан Даму банкі ендігі жерде стратегиялық маңызды қаржылық институттармен және шетелдермен етене жақын қарым-қатынастар орната алады. Соның нәтижесінде Қазақстан Даму банкі еліміздің индустриялық-инновациялық даму стратегиясы мақсаттарын жүзеге асыру мүмкіндіктері аясын мейлінше кеңейте алады. Атап айтсақ, Қазақстан Даму банкінің ADFIAP директорлары кеңесіне мүшелікке өтуі - жер беті тұрғындарының төрттен үш бөлігі тұратын Азия-Тынық мұхиты аймағындағы 33 елдегі даму жобаларын жүзеге асыруға атсалысушы 70 қаржы институтының Бас Ассамблеясына өкілдікке сайлануға жол ашады. Сондай-ақ, бұл - Азия-Тынық мұхиты аймағы, Африка, Еуропа, Латын Америкасы және таяу Шығыстағы қаржылық даму институттарының Бүкілдүниежүзілік федерациясына мүшеллікке өтуге жол ашумен бірге, Қауымдастық атынан Дүниежүзілік Банкпен, Азия Даму банкімен, БҰҰ-мен және басқа да халықаралық ұйымдармен ынтымақтасып, ADFIAP аясындағы марапаттау бағдарламасы бойынша кәсіптік бағаға ие болуға, арнаулы оқыту бағдарламалары мен семинарларға қатысуға, Халықаралық сауда орталығы мен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі Американдық -Азиялық компанияның техникалық көмек жөніндегі жобаларына атсалысуға, дамуды қаржыландыру жөніндегі Азия-Тынық мұхиты аймағы институтында аккредитациялануға, Қауымдастыққа мүше-банктермен тәжірибе алмасып, біліктілік шыңдау институттарына қатысуға, Қауымдастықтың дүниежүзіндегі даму институттары жөнінде жинақтаған ауқымды мәліметтер базасына қол жеткізіп, электрондық оқыту бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік береді. Қазақстан Даму банкінен хабарлағанындай, Ұлан-Батырда өткен кездесу аясында Қ.Шалғымбаев ADFIAP-тың бас хатшысы Орландо Пенамен , және бірнеше шетелдік банктер басшыларымен екі жақты жүздесулер өткізді. Кездесу барысында инвестиция, мемлекеттік даму институттарының іс-қызметі аясындағы өзара тәжірибе алмасу, қызметкерлердің мамандығын жетілдіру мәселелері бойынша болашақ ынтымақтастық мәселелері сарапқа салынды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін