Бұл туралы бүгін ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған брифингте белгілі болды.
«Еңбек адамы» байқауы республикамызда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Қазақстанның жұмысшы жастары арасында өткізілетін бұл байқаудың нәтижесі осы жылдың қыркүйек айының ортасында қорытындыланады. Оған комиссия құрамы бекітіліп, 6 аталым бойынша жеңімпаздар анықталады», — деді ҚР Білім және ғылым министрлігі Жастар ісі басқармасының басшысы Мақсат Мәжитов брифинг барысында.
Оның атап өтуінше, бұл шараның басты мақсаты — жастар арасындағы жұмысшы жастардың белсенділігін арттыру. Сонымен қатар байқау жас мамандардың қоғамға жақсы қырынан танылуына да үлкен мүмкіндік беретін болады.
Ал ҚР ҰКП Адами капиталды дамыту департаментінің директоры Асқар Әбубәкіровтің сөзіне қарағанда, байқау металлургия, тау-кен химия, мұнай-газ, құрылыс, машина жасау, көлік жүйесі салаларындағы үздік жас маман аталымдары бойынша өтеді. Байқауға қатысуға қызығушылық танытқан жас маман жұмыс істеу кезіндегі суреттерін ұсынып, жеткен жетістігі туралы мәлімет ұсынуы тиіс. Сонымен бірге кәсіпорын басшысы да жас маманы туралы ұсыныс хат жолдау қажет. Байқауға ниет еткен жастар өз өтінімдерін тамыздың 19-ы мен қыркүйектің 10-ы аралығында ұсынуы керек.
Айта кетерлігі, байқау жеңімпазына 50 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы және басқа да сыйлықтар беріледі.