Жарияланды: 780

«Қазақтың бағы да, байлығы да - тәуелсіздік!» - республикалық басылымдарға шолу

«Егемен Қазақстан» газетінде біраздан бері «Замана зиялылар зердесінде» айдарымен беріліп келе жатқан материалдардың айтар ойы салмақты, қозғайтын мәселелерінің кесек екенін көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Бүгінгі осы айдардың қонағы саясаттанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркіт Гелманұлы Аяған мемлекетшілдік, тәуелсіздік, тарих, білім төңірегінде өз ойларымен бөліседі. «...Көптеген азаматтар «мемлекет» туралы түсінікті Ке­ңес­

Ода­ғы­мен пара-пар санап келді, мем­лекеттің ең дұрыс формасы осы екен деп қа­был­дады. Алай­да, не нәрсені болсын, әріден ойлайтын зиялыларымыз қазақ ұл­ты мін­детті түрде өзіне лайықты толық­қанды мемлекеттілікке қол жет­кізетінін іштей сезетін», - дейді ол сұхбатында. Сұхбат «Қазақтың бағы да, байлығы да - тәуелсіздік!» деген тақырыппен берілген. Сондай-ақ, газетте «Сенімнің шырқау биігі» деген тақырыппен Білім және ғылым министрлігі Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры, психология ғылымдарының докторы, профессор Зарема Шәукенованың мақаласы берілген. Үстіміздегі жылдың 29 қарашасында Астанада тұңғыш рет «Алғашқы Назарбаев оқулары: «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» тақырыбында халықаралық форум өтеді. Қазақстан ғалымдары алдағы оқиғаға үлкен рухани өрлеу үстінде дайындалып жатыр. Осы орайда аталған мақалада ұлттық идея мен идеологияны қалып­тас­тыру­дағы Көшбасшының рөлі туралы сөз болады. «Президенттің саясаты тарихи әділеттілікті қалпына келтірді. Қазақ этносының титулды ұлт, қазіргі Қазақстан аумағының мұрагері ретіндегі рөлі мен құқы орнықтырылды. Осымен бір мезгілде, Қазақстан басшылығы ұтым­ды ұлттық саясат жүргі­зуінің нәтижесінде Қазақстандағы этностарды үйлесімді түрде, зор­лық-зомбылықсыз топтастыра ал­ды. Қазақ тілінің мемлекеттік мәр­тебе алуы осының маңызды индикаторы болды. 2020 жылға қарай Қазақстан мектептерінің бар­лық түлектері қазақ тілін меңгеріп шығады», - дейді автор мақаласында. *** «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Жүректің көзі» айдарында жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әнес Сараймен арадағы сұхбат «Арманым жоқ деуіме болады» деген тақырыппен беріліпті. Сұхбатта жетпістің бесеуіне шығып отырған жазушы өткен өміріне шегініс жасап, өз ойларымен оқырман қауыммен бөліседі. «Жетпіс бес жыл өмір сүру оңай емес. Біз халықтың басындағы қиын кезең өтіп жатқан 1937 жылы туғандармыз ғой. Осы жылы туған 15-ке жуық жазушы бар едік бір кездерде. Бүгін солардан Қайрат Жұмағалиев екеуіміз ғана 75-ке жетіп отырмыз. Демек, осы өмірдің өзін жүріп өту оңай шаруа болмағаны да. Соның өзі ойға қалдырады. Біз соғыс балаларымыз ғой. Соғыс балаларының басынан аз тауқымет өткен жоқ. Әйтеуір анамыздың жалғыз тұяқ деп алақанына салып, өсіргенінің арқасында аман қалдық», - дейді жазушы. Сондай-ақ, осы газетте «Олақ одақ осылайша опынып отырмайық» деген тақырыппен Кедендік одаққа қатысты мақала жарияланды. «Бұл - теңдіктің одағы емес, кемдіктің одағы. Бұл одақ о бастан тең құқылы емес-тін. Үшінші елдерден келетін импорттың көмегімен, Ресей бөліп берген кеден баж салығынан түсетін бюджеттік түсімдердің негізінде Қазақстан қазіргі уақытта Кеден одағына қосылудан пайда көріп жатыр деп қорытынды жасау қиын» - делінген мақалада. Автор Кедендік одақтың барлық тетіктері іске қосылғаннан бері Қазақстан, Ресей мен Беларусь елдері арасындағы экономикалық ықпалдастық күшейе бастағандығын айта келіп, кез келген мемлекет экономикалық дамуды көздесе, өз ұпайын түгендеуге бағыт ұстау тиіс екендгін тілге тиек етеді. Алайда Кедендік одақтың күнгейінен көлеңкелі тұстары әлі көп. Бірақ одақ ішінде әлі күнге дейін шешілмей жатқан мәселелер бар. Ең бастысы, мем­лекеттік органдар мен кәсіпкер­лер арасында нақты байланыс жоқ дей келе, автор біздің кәсіп­керлерлер тауар сертификатын екі рет алып, қосымша құн салы­ғын екі есе артық төлеуге мәжбүр болып отырғандығын айтады. «Ресейде - 18 пайыз, ал Қазақстанда - 12 пайыз, бар­лығы 30 пайызға шығып отыр. Бұл - үлкен шығын. Осының сал­дарынан елімізде тауар қымбат­шылығы басталды. Кеден тариф­терінің кесірінен пайда болған қымбатшылықты Қазақстан аза­маттары төлеп отыр. Қазақстан орташа мерзімді кезеңде, 2015 жылға дейін Кеден одағына қо­сылудан ұтыла береді. Ұзақ мер­зімді мүмкіндіктер қазіргі сәтте бұлыңғыр көрінеді, себебі о бас­тан бұл одақтың экономикалық сипатынан гөрі саяси сипаты басым» - дейді газет.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін