Жарияланды: 600

"Қазбаспасөз" АҚ-ның Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының қызметкерлері наразылық шарасын өткізді

5-тамыз, сейсенбіде "Қазбаспасөз" АҚ-ның Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының қызметкерлері кәсіпорын ғимаратының жанында жалақы төлеуді талап етіп наразылық шарасын өткізді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Филиал қызметкерлері биылғы жылдың қаңтар айынан бері жалақы алмаған. Өткен маусым айында олар филиалдың бұрынғы меңгерушісі Людмила Коротееваның қолдауымен осындай наразылық шарасын тағы өткізген. Л.Коротееваның мәлімдеуінше, филиалдың мүшкіл ахуалы оған үлкен көлемде қарыздар болып отырған "Қазбаспасөз" АҚ-ның бас мекемесінің қитұрқы қаржылық саясатына байланысты болмақ. "Біздің кәсіпорын шын мәнінде жалақы бермек түгілі, редакциялар мен жазылушылар алдындағы міндеттемелерін өтеуге қабілетсіз банкрот кәсіпорынға айналды",- деген болатын сол кезде Л.Коротеева. Осы мәлімдемеден кейін келесі күні Л.Коротеева қызметінен босатылып, оның орнына "Қазбаспасөз" АҚ-ның Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының Түлкібас аудандық учаскесінің меңгерушісі болған Талас Рашев тағайындалды. Ол жағдайды оң бағытта өзгертуге уәде берген болатын. Кәсіпорынның редакциялар, бюджет және қызметкерлер алдындағы берешегін екі кезеңмен өтеуге байлам жасалып, алғашқысын маусым айының ортасында, екінші кезеңін тамыздың басында өтеу келісілді. Алайда уәделі мерзім өтсе де, қызметкерлерге жалақы берешегінің қайтарылатын түрі байқалмайды. Кеше филиал басшысы Т.Рашев бұл туралы журналистерге түсініктеме беруден бас тартты. Маусымдағы жағдаймен "Қазбаспасөз" АҚ-ның Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының редакциялар алдындағы жалпы борышы - 15 млн. теңгені, бюджетке берешегі 15 млн. теңгені, жалақы берешегі 5 млн. теңгені құрап отыр. Ал зейнетақы жинақтаушы қорларға 1999-жылдан бері ақша мүлдем аударылмаған.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть