Қирап қалған «Бесобаның» орнына салынған үй тұрғындардың көңілінен шықпады - kaz.caravan.kz
  • $ 485.4
  • 550.69
+22 °C
Алматы
2026 Жыл
25 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қирап қалған «Бесобаның» орнына салынған үй тұрғындардың көңілінен шықпады

Қирап қалған «Бесобаның» орнына салынған үй тұрғындардың көңілінен шықпады

Қарағандыда Атышулы «Бесобаның» орнына бой көтерген «Шапағат» тұрғынүй кешеніне қатысты дау туындады. Құрылысы кеше ғана аяқталып, жұрт қоныстанып мәре-сәре болған үй бірінші ақ жауынға шыдас бермеді. 12-ші қабаттан жертөлеге қарай сорғалаған су осы аралықтағы пәтерлерді шайып кеткен. Сумен алысып әуреге түскен тұрғындар мемлекеттің жарылқағаны осы ма деп ашынады. Ол аздай аталған үйді әлі күнге дейін мемлекеттік комиссия қабылдап алмағаны белгілі болды. Сондықтан жеке келісім болмағандықтан әр пәтер коммуналдық қызмет үшін екі есе көп ақы төлеп келеді екен.

  • 1 Тамыз 2014
  • 387
Фото - Caravan.kz

Тұрғындар «Бесобадан» бет қайтып билік қылған «Шапағатқа» енді бөлендік пе деп жүргенде төбеден су ақты. Су ақпаса баспананың ұсақ-түйек кем кетігін тіпті үйдің мемлекеттік комиссияның қабылдауынан өтпегенін де жария етпес едік дейді олар. Енді айғайламасқа шара жоқ. Қараңғы үйде  тілерсектен су кешіп, кіре берісте тізеден батпаққа малынып қашанғы отыра береміз деп ашынады жұрт.

Амантай Барлықбаев, Қарағанды қаласының тұрғыны:

-Қызым батпаққа құлағанда,домалап барып, құтқарып алдым. Өзім барсам, өзім де батып кетемін. Бәрі қашып кеткен, балалардың бәрі жолдас туыстарының үйінде жүр. Мен ғана осында тұрамын, бұл үйдің проблемасы бітпейді.

Жертөлеге түсіп жылу, су құбырларын көру, істен шықса бұрандасын бұрап, жөндеу мүмкін емес. Оның іші белуардан келетін көлшікке айналған. Үйде тәуліктеп жарық өшеді, жұрт ауыз судан да жиі тарығады екен. Аты ғана болмаса заты үй санатында жоқ баспананың тұрғындарынан ай сайын әр шаршы метріне 20 теңгеден ақы алынады. 

Ғалия Абдуллина, Қарағанды қаласының тұрғыны:

-Неге 20 теңге десек. Мұның ішіне жарық, қоқыс  және кабельдің акшасы кіреді дейді. Кабельді сметаға кіргізуді ұмытып кетіппіз дейді.

Баспана құрылысының басы-қасында болған, тапсырыс беруші қалалық құрылыс бөлімі тағы мердігер алдап кетті деп қарап отыр. Бірақ онымен соттастық, жеңдік, мойнына 10 миллион теңге ілдік, құрылыс саласынан аластаттық дейді. Енді тағы қаражат қарастырып, ақшаны алып қарасын батырған мердігерден қалған жыртықты жамамақшы. 

Жақсылық Шалабеков, Қарағанды қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

— Айтылған реніштер дұрыс істелмей орындалмай қалған мәселелерді жөндейміз. Елдердің қолдарына құжаттарын  табыстап береміз деген мақсат қойып отырмыз.

-Сырты бүтін, іші түтін мына ғимараттың. Өйткені құрылыстық нормалардан ауытқулар көп. Құрылыс бөлімінің бастығы баспананы мемлекеттік комиссия қабылдамай жатқанын жоққа шығармайды. Сондықтан да тұрғындардың ешқайсысынада меншік құжаты жоқ. Енді  шенеуніктер, пәтер кілттерін таратқанымыз болмаса, жұртқа «қоныстаныңдар» деген жоқ едік деп аспаннан түскендей болып отыр.