Жарияланды: 20

Қонаев қаласында ерекше қажеттілігі бар балалардың фотокөрмесі мен паралимпиадалық жарыстары өтті

Қонаев қаласында ерекше қажеттілігі бар балалардың фотокөрмесі мен паралимпиадалық жарыстары өтті

Қонаев қаласында «Балдәурен-Қапшағай» оқу-сауықтыру орталығында еліміздің түкпір-түкпіріндегі ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған қызықты іс-шаралар өтті.

Мұнда танымал француз фотографы Эрик Ваззолердің шеберлік сабағына қатысқан балалардың «Көзқарас» фотокөрмесі ұйымдастырылды. Балалар фотоеңбегінде табиғаттың сұлулығын, достарының эмоциясын, бос уақытты өткізуі мен түрлі саладағы мамандардың жұмысын көрсетті.

Ептілігі мен күшін, стратегиялық ойлау және төзімділігін балалар паралимпиадалық жарыста көрсетті. Сайысқа Жетісу, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарынан және Нұр-Сұлтан қаласынан келген ерекше қажеттілігі бар 200-ге жуық бала қатысты.

Жарыс волейбол, тоғызқұмалақ, шахмат, армрестлинг, жүзу және жұптасып билеу сынды 6 түрінен өтті:
- Бесінші паралимпиада ойындары басты мақсатына жетті! Себебі ең бастысы - әртүрлі аймақтағы балалардың қарым-қатынасы ғой. Балалардың осы арқылы мүмкіндігін байқап, өзіне сенімді болғаны және жаңа достар тапқаны өте маңызды. Келесі жарыстарға да қуана қатысуға дайынбыз!,- дейді Павлодар облысы делегациясының жетекшісі, волейболдан жаттықтырушы Александр Таранченко.

Жалпы командалық есепте жарыс қорытындысы бойынша I дәрежелі кубокты Алматы облысының балалары, II дәрежелі кубокты Павлодар облысының балалары, III дәрежелі кубокты Жетісу облысының балалары жеңіп алды.


Спорттық іс-шараны Нұрсұлтан Назарбаев Қоры Ұлттық Дельфий комитетімен бірлесіп өткізді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін