Жарияланды: 30

Қор стипендиаты Абдулла Қажыбек: Жасампаз идеяға, тың серпін мен жаңашылдыққа жаным құмар

Қор стипендиаты Абдулла Қажыбек: Жасампаз идеяға, тың серпін мен жаңашылдыққа жаным құмар

Абдулла шығармашылықты, әсіресе дәстүрлі орындаушылық өнерді ұнатады, жасампаз идеяға, тың серпін мен жаңашылдыққа жаны құмар. Абдулла Қажыбек - П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің 4 курс студенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қорының талантты стипендиаты небәрі 18 жаста, бірақ қазірдің өзінде биік мақсаттар қоя білген әрі табысқа жеткен.

Стипендияға үміткер болған Абдулла байқау нәтижесін тағатсыздана күтті. Стипендия иегері атанудың оңай еместігін жақсы білетін бозбала жеңісіне көпке дейін сене алмаған.

- Қор стипендиясы кіл мықтыға, ең үздікке тағайындалады деп жиі естідім. Ол стипендиаттардың интеллектуалды қабілетінің жоғары деңгейінен хабар береді. Бүгін менің бағым жанды, бұл маған шабыт сыйлап, қанаттандырды. Мен өзгелерге үлгі болуды, колледждің өмірі мен дамуына үлес қосуды мақсат тұттым. Бұл үшін жеке дамуыма ден қойдым. Үнемі шығармашылық ізденісте болу, білімімді тереңдету, мүдделес жандармен байланыс орнату, тәлімгеріммен үнемі ақылдасу, бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға белсенді атсалысу сынды жоспар құрдым, - дейді Абдулла Қажыбек.

COVID-19 пандемиясына байланысты туындаған төтенше жағдай кезінде үздік әрі белсенді студент онлайн режимде көрсетілген жеке концерт ұйымдастырды. Қазақтың 12 күйі күмбірлеген бұл кеш 45 минутқа созылды. Жас музыканттың концертін «Караван» газетінде жазды, ал оның орындау шеберлігін ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасын зерттеушілер жоғары бағалады. Абдулла Қажыбектің есімін ЮНЕСКО-ға қарасты Азия-Тынық мұхиты аймағындағы материалдық емес мәдени мұра үшін құрылған халықаралық ақпараттық желілік-орталықтың (ICHCAP) онлайн журналынан кездестіруге болады.

Абдулла Қажыбек бірқатар ұлттық дәстүрлі музыка байқауының лауреаты, ал жаңа оқу жылында республикалық «Көшпенділер әуені» байқауының бас жүлдесін жеңіп алды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін